Шымкентте қоқыс тасымалдау компаниялары цифрлық технологияны енгізді

Шымкентте қоқыс тасымалдаушы компанияларға цифрлық технологиялар енгізілді.

Бұдан былай Экология министрлігі коммуналдық көліктердің қозғалысын GPS-трекерлер арқылы қадағалайды. Пилоттық жоба заңсыз полигондарды жойып, экологиялық мәселелерді реттеуге ықпал етуі тиіс.

Шымкенттегі тұрмыстық қалдықтарды жинаумен 12 компания айналысады. Олардың меншігіндегі 86 техникаға GPS құрылғысы орнатылды. Цифрлық жүйе қоқыс жәшіктерінің уақытылы тазалануы мен полигонға төгілуін қадағалайды.  

Қанат Қожабергенов, тұрмыстық қалдықтарды шығаратын компанияның бөлім басшысы:

- Біз сол трекер арқылы білеміз. Машина қай уақытта шықты, қай уақытта келді. Қай жерде жүрді және қанша уақыт тұрды. Маршруты қандай ауытқулар болды ма болмады ма!? Экология министрлігінің талабымен пилоттық жоба есебінде интеграция жасадық. Біздің қоқыс машинасындағы GPS-трекерлерге доступ алды. 

Биыл қала аумағыннан 182 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Бірақ  Әл-Фараби және Қаратау аудандарында тау боп үйілген қоқыс көп. 

Көпшілік «Қоқыс тастама, айналаны ластама!» деген тақтайшаларға мән бермейді. Осының кесірінен қалада экология мәселесі ушығып тұр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Қаланы заңсыз төгілген қоқыстан толық арылту мүмкін болмай отыр. Мәселен мына Бадам өзінінің жағалауына жылдар бойы құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қатты заттар төгіліп келеді. Ал биыл геопорталдың ғарыштық түсірілімінен бір емес дәл осындай 26 полигон анықталды. 

Бұл ретте экологтар жергілікті билікпен бірлесіп жұмыс атқарып келеді. Оның нәтижесі де көп күттірген жоқ. Осы күнге дейін қатты қалдықтарды уақытылы залалсыздандырмаған үш компания әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:

- Біздер бірнеше ұсыныстар бердік алдын алу мақсатында. Аталған орындарға камералар қою және сол жақты бақылау. Алдағы уақытта осы мәселелер бойынша әкімшілікпен қолға алып, камера қою жұмыстарын жүргіземіз,- деді. Бірақ бұл уақыттың еншісінде. 

Шымкент қаласын дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспары бар. Алдағы уақытта Бадам, Қошқарата, Қарасу және Сайрамсу өзендерінің жағалауында су қорғау белдеулері құрылады. Яғни өзендердің маңына қоқыс қалдықтарын тастау қатаң бақылауға алынып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов