Кредитке жоламауға бала күннен баулу керек

Нарық заманында қаржылық сауаттылық ойын баласынан бастап, еңкейген қарияға дейін ауадай қажет.

Біріншіден, бұл ысырапшылдықтың алдын алып, адамды үнемшілдікке үйретеді. Екіншіден, алаяқтардың құрығына түсуден сақтайды. Осыған байланысты "қаржылық сауаттылық" бойынша ұлттық тұжырымдама керек, дейді депутаттар.

Мүмкіндік болса несиеге жоламау керек екенін 11 жасар Нұрай Бақытжан да біледі. 6-сынып оқушысы Шымкенттегі номері бірінші мектеп-гимназияда білім алады. Қаржылық сауаттылығын ашу үшін мектептен тыс арнайы орталыққа да барады. Кез келген адам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бала кезінен ажырата білуі керек, дейді қаршадай қыз. 

Нұрай Бақытжан, 6-сынып оқушысы:

- Ақшаны дұрыс жұмсауға болатынын мен білемін. Мысалы алайық, сен бір затты көріп қалдың да, соны алғың келеді. Бірақ сенде ақшаң жоқ. Сол ақшаны алу үшін сен өз затыңды сатуың керек. Ол ақшаны өзің табуың керек. Ал біреуден сұрайтын болсаң ол уже несие саналады. Сол үшін олай істемеу керек. 

Нұрай ата-анасы беретін ақшаны керегіне ғана жаратып, қажетті көлемде ақша жинай алатынына сенімді. Мектеп-гимназия ұстаздары да балаларға "ақша тиыннан құралады" немесе "ақша есепті ұнатады" деген сөздерді жиі айтып отырады.  

Айгерім Мақашова, қаржылық сауаттылық ашу орталығының маркетинг пәні мұғалімі:

- Барлық бала кішкентай жасынан ақша жарата бастайды. Сәйкесінше олар ата-анасының ақшасын тамаққа немесе керек емес нәрселерге жұмсайды. Ал қаржылық сауаттылықты үйренген бала ол нәрсені қаншалықты дұрыс жарату керектігін біледі. Ол ақша бөлігін кішкене сақтауды біледі. Сәйкесінше ол бала болашақта түрлі кредиттерге кіріп кетпей, кәсіп ашу қабілетін дамытады. 

Орталық мамандары бюджетті жоспарлау, депозит ашу, банк қызметі және алаяқтардан сақтану сабақтарын өткізеді. Бірақ ілімнің бұл түрі,,, бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған байланысты бүгінгі күні ел азаматтарының қаржылық сауаттылық деңгейі орташаға жетер-жетпес.

Мұхамед Бағдатұлы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта Қазақстанда қаржылық сауаттылық деңгейі орта пайызды көрсетеді. Соңғы санақ бойынша сауалнама жүргіздік. 2020-2021 жылға қарағанда біраз өскен. ҚР Президентінің осы жылғы жолдауында "Қаржылық сауаттылықты арттыру" деген арнайы тапсырмасын қойды. Осыған орай, "Аманат" партиясы бар, "Қарызсыз қоғам" сынды жобалар жүргізіліп жатыр. Біз де өз тарапымыздан арнайы мақалалар жазамыз.

Жалпы қаржылық сауат ашу курстары ел мектептерінде оқытылмайды емес, оқытылады. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары "Дүниетану" пәні арқылы біледі. Орта және жоғары сыныптар "Жаһандық құзыреттілік" пен "Кәсіпкерлік негіздерін" оқиды.

Сейфолла Смайылов, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы институтының директоры:

- Стартап жобасы деген бар. Бизнес-жоспар құру деген бар. Нарықтық экономика. Бұл білім алушылардың болашақ мамандығын таңдауына байланысты тереңдетіліп оқытылады. 

Қоғамды қаржылық сауаттылыққа үйретудің бірыңғай саясаты Жапония мен Батыс елдерінде жолға қойылғаны белгілі. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл жүйе енді дамып жатыр. Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтың айтуынша, мектеп бағдарламасынан тыс қосымша сабақтар өткізу жеткіліксіз. Жалпыға бірдей мемлекеттік стандарт қажет.

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шамамен 8-9 млн азамат өмірінде 1 мәрте болса да несие алып көрген. Оның ішінде 1 млн астамы қарызынан құтыла алмай дал. 90 күннен астам уақыт бойы несиесін ішінара өтей алмай жүрген жан көп. Орта есеппен кісі басында жарты млн теңгеден астам борышы бар. Өкініштісі, бұл көрсеткіш күн санап өсіп жатыр. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қазақстан қаржы саласында цифрлық қызмет ұсыну бойынша көш басында тұрған елдердің бірі. Бұл даусыз. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар. Онлайн несие алу оңай болған сайын борышкерлердің қарызды өтеуі қиындап бара жатыр. Өкінішке орай, жеңіл ақша қуалаймын деп өмірден жеңіліп жатқан жас көп. Елде қаржылық сауаттылықтың қандай деңгейде екенін осыдан байқауға болады.

Мирлан Алтынбек, Жандос Битабаров, Дархан Күнтуов