Сеулде Ақтөбе облысының туристік мүмкіндіктері таныстырылды

Димаш Құдайбергеннің жерлестері Оңтүстік кореялықтарды қонаққа шақырды.

Сеулде Ақтөбе облысының туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Мұнда тур компаниялардың өкілдері, сәнгерлер, қолөнершілер, кәсіпкерлер мен музыканттар келді. Сеулдіктерге Ақтөбе облысының көрікті жерлері көрсетілді. Оңтүстік Кореядан қысқы демалысты, пантотерапияны, балық аулауды ұнататындар келеді деген үміт бар. Ақтөбе туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерсайын Сүйіновтың айтуынша, биылғы жылдың 8 айында облысқа 5 мыңнан астам шетелдік турист келген. Олардың 80-ге жуығы Димаштың Норвегия, Жаңа Зеландия, Австралия, Қытай, Корея және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жанкүйерлері екен.

Ерсайын Сүйінов, Ақтөбе туристік ақпараттық орталығының директоры:

- Былтыр бізде роуд шоу Түркияда, Азербайджанда өтті. Соған қарағанда статистика бойынша Туркиядан, Азербайжаннан, Канада, Араб Әмірліктерінен келіп отыр. Соның ішінде біз келесі жылда енді Қытай халық республикасынан және Корея республикасы туристер келеді деп жоспарлап отырмыз. 

Ким Бок Дон, Сеул тұрғыны:

- Мен Қазақстанда 30 жыл бұрын болдым. Бүгін осы көрмені көріп, елдің қаншалықты өзгергенін, қалай дамығанын байқап, қатты қуандым. Оңтүстік кореялықтар негізінен Алматы мен Астананы біледі. Ақтөбе туралы естіген адам аз. Бүгінгі көрмеде мені қазақтың ұлттық тағамдары мейрамханалары қызықтырды.