Мемлекет 9 түрлі азық-түлік бағасын реттеуге қатыспайды

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы алынып тасталады.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Яғни, мемлекет алдағы жарты жылда 9 түрлі азық-түлік бағасын реттеуге қатыспайды.

Еліміздегі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізімі бекітілген еді. Қайсысының шекті бағасы алынып тасталмақ және құзырлы ведомство бұны қалай түсіндіріп отыр?

Белгілі болғандай, тұз, ұн, макарон, қарақұмық, картоп сияқты бірқатар өнімнің отандық өндірісі тұрақталған. Сол себепті енді осы тауарлардың бағасын реттеудің қажеті болмайды.

Баға нарықтық жолмен реттеледі

2024-тің бірінші жартыжылдығында тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, бірінші санаттағы тауық жұмыртқасы, нан, сүт пен картопқа қойылатын шекті баға алынып тасталады. Осылайша, бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі жоспардың бірінші қадамы басталмақ.

Аталған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеуден бас тартудың себебі мынада: Қазақстан ішкі нарықты осы тауарлармен толық қамтып отыр. Яғни, мемлекет осы азықтың импортын алмастыратындай дәрежеге жетті.

Ал 2025 жылдан бастап қалған 10 азық-түлік тауарына шекті баға қойылмайды. Атап айтсақ, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр мен тауық еті, жұмсақ қаптамадағы айран, сары май, сүзбе және құмшекердің бағасы да мемлекеттік реттеу аясынан шығарылмақ. Яғни, 1,5 жылда осы тізімдегі азық өндірісін 100%-ке тұрақтандыру міндеті тұр. 

 

Қытайға ұн экспорты артты

Отандық өндіріс демекші, соңғы 4 жылда қазақстандық ұнның тұрақты көлемдегі өндірісі байқалады. Экономикалық зерттеу институтының сарапшылары келтіргендей, жылына орта есеппен 3 млн тоннадан астам ұн өңделеді. Мысалы, биыл жарты жылда 1 млн 700 мың тонна ұн өндірілді. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда бұл 3,7%-ке артық.   

Өндірілген ұнның жартысына жуығы сыртқа кетеді. Бірақ биылғы 10 айдың қорытындысын талдаған Energyprom экспорттың 23%-ке қысқарғанын айтып отыр. Биыл бидай ұнының 1 млн 600 мың тоннасы сыртқа саудаланған. ТМД елдеріне 555 мың тоннадан ұн жөнелтілген екен. Бұл былтырғыдан 25,5%-ке артық. Әсіресе Өзбекстан ұнды көп алған көрінеді. Былтыр 330 мың тонна алдырса, биыл онысы 440 тоннадан асқан.

Ал Ауғанстанға ұн сатудың көлемі былтырғыдан 8%-ке төмендеді. Биыл 994 мың тонна жіберіппіз. Былтыр оның көлемі мың сексен тонна болған еді. Есесіне Қытайға ұн экспорттау көрсеткіші артты: былтыр шығыстағы көрші 200 тонна алса, биыл бізден 6 мың тоннадан астам ұн сатып алған.

 

ІЖӨ: 2024 жылға болжам

Жыл қорытындысы бойынша Қазақстандағы ішкі жалпы өнім 4,8%, ал инфляция 10% деңгейінде болады. Мұндай дерек Халықаралық валюта қорының қарашада жарияланған баяндамасында келтірілген. Сондай-ақ қор 2024 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,1%-тік көрсеткішпен тежелуі мүмкін деген болжам келтіреді. Бұған Теңіз мұнай кенішін кеңейту процесінің тежелуі себеп болмақ, - дейді сарапшылар. Олардың болжамынша, орта мерзімдегі перспективада ішкі жалпы өнім көрсеткіші 3,5% деңгейіне жетеді. Ал инфляция алдағы екі жылда 5%-ке дейін төмендеуі мүмкін. Көктемде дүниежүзілік банк Қазақстандағы ішкі жалпы өнім көлемі 3,5%-ке жетеді деген еді. Бірақ бұл болжам расталмады. Жыл соңында бұл көрсеткіш 119 трлн теңгеден асып, 4,9% құрады.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Дүниежүзілік банк, содан кейін халықаралық валюта қоры олар негізінде консервативті түрде болжамдарын беріп жатыр. Біздің болжам бойынша біз жалпы 5%-ке өсеміз, біздің экономикамыз. Ал келесі жылы кемінде 5,3%. Бірақ, әрине, біздің мақсатымыз – кемінде 6%-ке шығу. Себебі біз экономиканы 6 жылдың ішінде екі есе көтеруіміз керек.

Ұлттық экономика министрінің айтуыша, ішкі жалпы өнімнің өсіміне құрылыс, көлік-логистикасы, сауда, өндіріс, ақпарат және байланыс саласын дамытудағы оң динамика әсер етпек.