Банктерге салық өсуі мүмкін

Салық жеңілдіктері қайта қаралып, талдау жүргізіледі.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаева мәлімдеді. Жаңа Салық кодексінде банк секторына қатысты бірқатар өзгеріс болады.

2025 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Құжатқа сәйкес қайта өңдеу өндірісіндегі тың жобалар 3 жыл салық төлеуден босатылады. Ал кейбір салаларда керісінше салық артады. Жай жапсарын сәлден соң айтып беремін. Бұған дейін елімізде ауқымды салық реформасы 2006 жылдан 2009 жылға дейін жүргізілген.

Банктерге салық өсуі мүмкін

Банк секторында корпоративтік табыс салығы 25%-ке дейін артуы мүмкін. Бұл Салық кодексінде қарастырылып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі сарапшысының айтуынша, Қазақстан – салық мөлшерлемесі ең төмен елдердің бірі. Себептердің бірі – еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру. Сонымен негізгі салық ставкалары кезең-кезеңімен қысқарды. Мысалы, қазір корпоративтік салық – 20%, қосылған құн салығы – 12%, жеке табыс салығы – 10%. Ал арнайы экономикалық аймақтардағы салықтық жеңілдіктер 25 жылға дейін беріледі. Бірақ алдағы уақытта жекелеген бағыттар қайта қаралады. Оның ішінде сән-салтанат салығы да бар. 

Жазира Мыңбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы:

- Қымбат мүліктерге, сонымен қатар жылына 40 миллион жалақыға және экономиканың табысты салаларына салық жүктемесін арттыру бағытталу шаралары қарастырылып жатыр. Берешегі бар салық төлеушілерге әлеуметтік төлемдер бойынша 6 айлық есептік көрсеткішке дейін берешегі болса, олардың шоттарын бұғаттамауға жолдарын қарастырып жатыр.

 

Салық төлемдерінің саны 30%-ке қысқарады

Салық саясаты заманауи талаптарға негізделеді. Салықтық жеңілдіктерді түгендеп, талдау жүргізіледі. Салықтардың саны кемінде 30%-ке қысқартылады. Оның ішінде түрлі есептер мен декларациялардың санын азайту да көзделген. Инвестицияны ынталандыру шараларына ерекше мән беріледі. Жаңа Салық кодексі мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылармен және бизнес өкілдерінің қауымдастығымен бірге әзірленіп жатыр. Барлық ұсыныстар ескеріледі.

Жазира Мыңбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бас сарапшысы:

- Ынталандыру кезінде бірінші біз ынталандырушы және тиімді салық жеңілдіктерді сақтап қалу ұсынылып отыр. Мәселен, импорт кезінде қосылған құн салығын есепке жатқызу арқылы төлеу нормасын ұзарту қарастырылып жатыр. Ал ол негізінде 2025 жылға дейін қолданылатын болатын. Бұл импортталатын тауарлар тізбесіне құрал-жабдықтар, құрылғылар бар. Сондықтан бұл инвестицияны дамытуда және өндірісті дамытуға көп өзінің ықпалын тигізеді.

 

Экономикаға 27 трлн теңге несие берілді

2023 жылдың қараша айында экономиканы несиелендіру 2%-ке өсті. Экономикаға берілген кредит көлемі шамамен 27 трлн теңгеге жетті. Негізінен ұлттық валютада берілген несие көп. Қарыздың тек 1,8 трлн теңгесі шетелдік валютамен берілген. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады. Дегенмен Freedom Holding Corp басшысы Тимур Турлов «банктер экономикаға несие беруге құлшынбайды, себебі олар бұдан аса бір пайда көрмейді» деген пікірде.

 

Т: Турлов: Банктер экономиканы дұрыс қаржыландырмайды

«Бізде зейнетақы қорының үштен бір бөлігі АҚШ облигацияларына инвестициалынған. Бұл – шамамен 10 млрд доллар. Тек Ұлттық қор мен Үкіметтің өтімді валюталық активтері 60 млрд доллардан асады. Біз «инфляциялық күтулердің» көлеңкесімен күресіп келеміз. Бізге тіпті шетелдік инвестициялар да қажет емес. Қазақстанда бизнес құрып жатқан және өз елін жақсы көретін адамдардың жаңа буынына сенуіміз керек», - деп жазды корпорация басшысы Facebook парақшасында. Қаржыгердің ойынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі – дұрыс шешім. Себебі қазіргі ставкалар мемлекеттік сатып алулардан басқа жобаларды несиелендіруге тиімсіз. Сонымен қатар, Турлов Ұлттық банк жұмысын КРІ-мен бағалауды ұсынды.

    

Шағын банктерге бақылау күшейді

Ал Қытайдың жетекші банктері шағын банктерге бақылауды күшейтті. Бұл несие тәуекелдерін төмендетуге үшін қажет, - дейді мамандар. Жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарысқа қатысты банктік қарыздар артып келеді. Соған байланысты сектордағы қарыз беру шарттарын күшейту туралы шешім қабылданыпты. Бірақ бұл шешім кішігірім қаржы мекемелерінің жағдайын қиындатып, қосымша ынталандыруды қажет етуі мүмкін, деп хабарлайды Reuters.

 

Теңге нығайды

Ұлттық валюта бағымына тоқталсақ. Бір жылда теңге шетелдік валюталарға шаққанда біршама нығайды. Мысалы, АҚШ долларына 0,9%-ке, Ресей рубліне 22,4%-ке және юаньға шаққанда 5,9%-ке нығайды.