Инвесторлар құқығын қорғауға басымдық беріледі
Инвестициялық даулардың 80%-інде мемлекеттік органдардың уәжі теріс болып шығады.
Бұл туралы инвесторлардың құқығын арттыруға бағытталған форумда айтылды. Жоғарғы сотқа жүгінетіндердің дені мұнай-газ, жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша арыз-талап береді екен.
Инвестицияның тапшылығы экономиканың тежелуіне алып келеді. Сондықтан инвесторларға қолайлы жағдай жасау маңызды. Бұл тұрғыда Қазақстан посткеңестік кеңістік пен Орталық Азия елдері арасында жетекші мемлекет саналады. Әрі тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша әлемнің 50 озық елінің қатарынан көріндік. Ауыз толтырып айтар мысал көп. Даулы мәселелер де жоқ емес.
Нұржан Қайыпжанов, Жоғарғы соттың судьясы:
- Біз кімді инвестор деп тану мәселесі әрқашан осындай сұрақтар туындатып жатыр. Бұл министрліктердің комитеті бар инвестицияларды тарту туралы. Инвестиция мәселесімен айналысатын АҚ бар. Бірақ олардың барлығы осы шетелдік инвесторлардың тізімін бүгінге шейін әлі түзбей келеді.
Бір қызығы, сол мемлекеттік органдардың өзі Жоғарғы сотқа шағымдануды әдетке айналдырыпты. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев бұған инвесторлармен өзара іс-қимыл жасаудағы салғырттық себеп дейді. Сондықтан болар, даулардың 80%-інде инвесторлардың уәжі дұрыс болып шығады.
Аслан Түкиев, Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:
- Инвесторлар саясаттың жүйесіздігіне шағым айтады. Инвесторды тарту, жобаларды қолдау бойынша әсіресе министрліктердің немқұрайлылығына уәж көп. Олар жауапкершіліктен қашуға тырысады. Бұл инвесторлар үшін жалпы тәуекелді көріп, қаржылық әлеуетін бағамдауға мүмкіндік бермей тұр. Себебі талаптар көп. Бірақ сот көп жағдайда кәсіпкерлердің уәжі дұрыс екенін біліп жатады.
Инвестициялық климаттың түзелуіне инвесторлардың ашықтығы да ықпал етеді. Экономикамыздың өсуіне сүбелі үлес қосып отырған компаниялар кедергілерді айту арқылы «кемелденуге» мүдделі.
Әсет Құрманбаев, «Теңізшевройл» ЖШС бас менеджері:
- Бүгінгі форумда көтерілетін мәселелердің бірі – прокуратураның арнайы ұсыныстары. Бұл прокуратура конституциялық заңына сәйкес ұсыныс бере алады. Бірақ ол ұсыныстарға әкімшілік сот арқылы, өкінішке қарай, біз шағым түсіре алмаймыз. Сондай акт бар. Бұл заңның кем тұсы деп есептейміз. Яғни, ол осындай ұсынысы арқылы Экологиялық департамент бізге әкімшілік іс қозғайды, бірақ ол Кәсіпкерлік кодекске де кейбір кезде заңдаспайды.
Иә, елде инвестиция тарту бойынша штаб құрылды. Кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдауға басымдық берілетіні анық.
Роман Скляр, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық өңірдегі прокурорлар маңызды инвестициялық жобаларды қадағалап отырады. Осылайша, туындаған мәселелер дереу шешіледі. Бүгінге дейін жалпы құны 1,5 трлн тг болатын 89 жоба қорғалды. Ведомствоаралық комиссия да мемлекеттік органдардың әрекетін бақылайды. Елде инвестициялық жобаларды жасыл дәліз негізінде қолдау қолға алынбақ.
Пилоттық режимде ұлттық сандық инвестициялық платформа сыналып жатыр. Алғашқы жарты жылдықта пайдалануға беріледі. Ол арқылы министрліктердің интеграциясын реттеуге болады.
Асламбек Мерғалиев, Жоғарғы сот төрағасы:
- Заңға инвесторларға, кәсіпкерлерге байланысты келісімшартты заңсыз деп табу мәселелері бойынша істерді жалпы азаматтық алқадан, әкімшілік алқаға ауыстыру мәселесі. Сол кезде өйткені әкімшілік алқадағы істерді қарайды. Бұл инвесторлардың, кәсіпкерлердің мүддесіне 61%-ке шешіп жатыр. Ол практика және де олардың жүктемесі жалпы азаматтық алқаға қарағанда аздау. Әрине, түсінеміз, мемлекеттік кіріс органдар, олардың мүдделері және салықпен мемлекеттік толтыру болып табылады. Енді сол жолдарда негізгілердің бірі стратегиялардың бірі осы келісімшарттарды заңсыз деп тауып, бизнес партнерлердің арасында соларға қосымша салық салу. Ол тек бізге байланысты емес.
Форумға қатысқандар инвесторлардың құқығы соттар арқылы қорғалып жатқанын мойындады. Енді мемлекеттік органдар мен инвесторлардың тең жауапкершілігін қамтамасыз ету маңызды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Қанат Махмұтов.