23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күні
23 сәуір – Халықаралық кітап және авторлық құқық күні.
Айтулы күн ЮНЕСКО-ның шешімімен бекітілген. Осы орайда кітапханалардың қазіргі жай-күйі қандай және оқырмандарға қандай жағдай жасалды деген сұрақ туындайды.
Әрине, кітапқа деген сұраныс бар. Оны баспаханаларға тапсырыстың артуынан аңғаруға болады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр отандық баспа компаниялары 70 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 0,8%-ке көп. Оның 16,7 млрд теңгесіне кітап шығарылған. Қалған соммаға газет-журналдар, анықтамалықтар, мекенжай тізімі секілді парақшалар басылған.
Ал енді кітапханалардың жай-күйіне тоқталсақ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы елдегі кітапханалардың жалпы саны 3917 болған. Бірақ былтыр мекемелердің саны артып 3924-ке жетті. Кітапхана саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Онда 398 мекеме қызмет көрсетеді. Одан кейін тізімді 360 кітапханамен Батыс Қазақстан облысы жалғайды. Үштікті 343 кітапханамен Ақмола облыс түйіндеп тұр. Осы орайда елдегі кітапханалардың жалпы оқырмандарының саны қанша деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұл көрсеткіш 5 млн 700 мыңнан асады. Оның 1 млн 600 мыңнан астамы – балалар.
Ал мектеп ішіндегі кітапханаларда қазір 130 млн-нан астам кітап бар. Оның 40 млн-ы – көркем әдебиет. Осы тұста айта кетейік, 2021 жылдан бастап білім ұяларында кітап оқитын арнайы коворкинг орталықтары ашыла бастады. Содан бері 1700-ге жуық оқу аймағын құрылған. Биыл тағы 290-ы қолданысқа берілмек. Бұндай орталықтар өскелең ұрпақтың кітап оқу дағдысын дамытып қана қоймай, өзге де кәсіптік, коммуникативтік қабілеттерін жетілдіруге көмектеседі, – дейді мамандар. Ал онда балаларға қажетті жағдай жасалған ба?
Әлия Сайдембаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы директоры:
- 2024 жылы республикалық бюджеттен 4 млрд-қа жуық ақша бөлініп жатыр осы балалар кітапханасын дамытуға байланысты. Соған байланысты бұрын ашылмаған өңірлерді көбірек қамтиды деген жоспарда бар. Әсіресе Ұлытау, Абай, Жетісу, Алматы облыстарында көбірек ашылады деген жоспарымыз бар. Кеше Astana Book Fair деген үлкен көрме өтті Астана қаласында. Сол кезде баспалармен жеке кездестім. Сол баспалармен «Балалар кітапханасы» шеңберінде кітаппен толығуы жайлы баспагерлермен кездесіп, мән-жайды түсіндіріп айттық. Баспалар ол жайында хабардар. Барлығы кітаптарды таратып беруге құштар болып отыр.
Cондай-ақ ведомоство өкілдері биылдан бастап 3 жыл қатарынан мектеп кітапханаларына 2 млн кітаптан берілетінін айтты. Осындайда Президенттің құрылтайда «Жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады» деген сөзі ойға оралады. Кенжелеп қалған кітапхана ісі тәуелсіздік жылдары жіберген есесін қайта қайтаратын уақыты келді деген үміт басым.