«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары қандай?
«Отбасы банкі» 1 наурыздан бастап «Отау» ипотекалық бағдарламасын іске қосты.
Ол 9%-тік мөлшерлемемен 19 жылға дейін несие беруді көздейді. 18 сәуірге дейін 18 мыңнан астам өтінім қабылданып үлгерген. Үкімет сатып алу құқығымен берілетін арендалық тұрғын үй мен жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу тетіктерін әзірледі. Ол келер айдан бастап іске қосылады. Нәтижесінде биыл 64 мың азаматтың баспана жағдайын жақсарту көзделіп отыр. Ол үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылды.
Жаңа ипотекалық бағдарламалар
Мамыр айында «Отбасы банкі» арқылы жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Несие әлеуметтік осал топ санатындағы тұрғындарға 7%-пен, ал қалған санаттағы азаматтар үшін 9%-тік мөлшерлемемен беріледі. Басты шарт – 20% алғашқы жарнаның болуы. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осы жылы бағдарлама аясында 300 млрд теңгеге 12 мың ипотекалық қарыз берілетінін мәлімдеді. Ол үшін биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап 22 мыңнан астам жалдамалы тұрғын үй салынады. Бұдан басқа, әкімдіктер 10 мың кредиттік пәтер салады.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Кезекте тұрған азаматтарға 2 және 5% мөлшерлемемен 81 млрд теңгеге 7 мың ипотекалық несие берілетін болады. «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 9%-пен 150 млрд теңгеге 8 мың ипотекалық несие беру көзделген. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңнан астам ипотекалық несие берілетін болады. Осылайша, ағымдағы жылы 64 мың азаматтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 1 трлн теңгеден астам қаражат қаралып отыр.
«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы іске қосылады
Баспаналы болуды жоспарлағандар үшін тағы бір жеңілдетілген мүмкіндік бар. Ол – осы жылдың мамыр айында іске қосылатын «Наурыз» атты жаңа ипотекалық бағдарлама. Өтінім берушілерге «Отбасы банкінен» депозит ашу мерзіміне талап қойылмайды. Тек шотта 1 млн тг болуы шарт және кейінгі 5 жылда атында үй болмауы керек.
Нұрлан Ақшанов, «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бастапқы жарна мөлшері – 20%. Қарыз мезімі 19 жылға дейін. Өтінімдерді қабылдау «Отбасы банкінің» онлайн платформасында осы жылдың 1 мамырында басталып, келесі жылда 1 наурызда басталады. 24 маусымға дейін жалғасатын болады. Қабылданған өтінімдерді бағдарлама автоматты түрде іріктейді. Бағдарлама қатысушылардың тізімі банктің ресми сайтында жарияланады. Осы жылғы 1 шілде мен 31 тамыз аралығында кредиттік өтінімдерді қабылдау жүзеге асырылады. 1 шілде мен 15 желтоқсан аралығында несиелер берілетін болады.
Кейде жаңа баспанаға қол жеткізген азаматтардың қуанышы ұзаққа созылмайды. Бұл – сапасыз құрылыстың кесірі. Премьер-министр мердігерлерден өз міндеттемелерін толық орындауды талап етуді тапсырды. 8 өңірде үлестік құрылыстың 39 нысаны аяқталмай, тым ұзаққа созылып кетті. Ал елордадағы 9 проблемалық объектіні биыл аяқтап, 484 отбасыға көптен күткен пәтер кілттерін үлестіру уәде етілді.
Қаңтарылған құрылысты аяқтау тапсырылды
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Сапасыз құрылыс тұрғындардың ғана проблемасы болып қалмауға тиіс. Жалпы елімізде заңсыз салынып жатқан 340-тан астам тұрғын үй кешені бар. Бұл – бірінші кезекте әкімдіктердің тарапынан жіберілген кемшіліктердің салдары. Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп, 1 маусымға дейінгі мерзімде салынып жатқан барлық объектілерге құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет.
Бүгінде ел бойынша 650 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Үкімет басшысы: «аталған тізімде баспанаға барынша мұқтаж азаматтар ғана болуға тиіс», – деді. Өйткені бұған дейін кей өңірлерде азаматтардың тізімге негізсіз алыну жайттары әшкереледі. Енді әкімдіктерге кезекті қайта қарап, рәсімдерді ашық жүргізу тапсырылды. Биыл елде баспана құрылысына қатысты маңызды міндет тұр. Ол – рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру.
Авторлары: Рухани Асқар, Жандос Битабаров.