Түркістан облысында мал басын асылдандыруға қомақты субсидия беріліп отыр
Түркістан облысында мал басын асылдандыруға ерекше ден қойылып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Өткен жылы осы бағытта шаруаларға 6,8 млрд теңге субсидия берілген. Төрт түліктің қай түрі көбейіп келеді? Мал басын асылдандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Шаруалар мемлекеттік қолдауды сезіп отыр ма?
Созақтық шаруа Қайырбек Оспанов 20 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Иелігінде 5 мыңға жуық асыл тұқымды қойы бар. Алғашында қаракөл қойын өсірген. Соңғы 5 жылдан бері мал басын түгелдей асыл тұқымды қазақы қойға айналдырған. Ол үшін шаруа мемлекеттен 3,5 млн теңге субсидия алып, оған 80 бас асыл тұқымды қошқар сатып алған. Қазір кәсіпкер «Асыл тұқымды қой шаруашылығы» мәртебесіне ие.
Қайырбек Оспанов, шаруа:
- Қаракөл мен қазақы қойдың айырмашылығы етінің салмағында болады. Арасында 15-20 келі айырмашылық бар. Асылданғанның есібінен қозыларымыз 30-35 келі ет береді. Еркегін етке өткізіп, ұрғашысын аналыққа алып қала береміз. Таза қанды аналық есебінде қосып отырамыз жылда. Бұдан да ары қарай дамытсақ деген жоспарымыз бар.
Ал «Шер құдық» шаруа қожалығының төрағасы Ерболат Танатов асыл тұқымды қалмақ сиырының басын көбейтіп отыр. Шаруа 2019 жылы 70 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, оған 120 бас зеңгі баба тұқымын сатып алған. Қалмақ тұқымы суыққа да, ыстыққа да шыдамды. «Жылқы тәрізді қысы-жазы далада жайылады», – дейді.
Ерболат Танатов, шаруа қожалығының басшысы:
- Бұның тиімділігі, өте ұйымшыл, ит-құсқа, басқа да жыртқыштарға берілмейді. Біреуін ұстасаңыз, барлығы бірге жабылады. Сондай бір қасиеті бар. Сосын бұл саудырмайды. Қасына барсаңыз – тебеді, алдына барсаңыз – сүзеді. Жабайы мал десе болады. Біздің мақсат – көбейту, етке өткізу. Басын көбейтіп, ары қарай жаңартып отырсақ, жақсартамыз деген ойдамыз.
Бүгінгі күні Түркістан облысында іріқара саны 1 млн 200 мыңнан асты. Қой – 5 млн 300 мыңға жетті. Жылқы 500 мыңға жуықтаса, түйе басы 47 мың болды. Мамандар қазір өңірде асыл тұқымды қой шаруашылығы жақсы дамып келе жатқанын айтады.
Ербұлан Жәнібеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Қылшық жүнді өзіміздің құйрықты қойларымыз, одан бөлек, қазіргі таңда жақсы қарқын алған қисар тұқымды қой тұқымы. Олардың саны былтыр қой басына шаққанда 12% асыл тұқымды болған. Биылғы жылы біз 20%-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында біздің негізгі брендіміз – аталық қошқарларды жоғары бағаға сату. Өздеріңіз білесіздер, 30-40 млн-ға қошқарлар сатылып жатыр. Осы бағыт бізге қой шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
Түркістан облысында соңғы жылдары мал басын асылдандыруға қомақты субсидия беріліп отыр. Тек өткен жылдың өзінде мал шаруашылығы бойынша өңір шаруаларына 10 млрд теңге субсидия төленген. Оның 6,8 млрд теңгесі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.
Абзал Құттыбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Ал биылғы жылы өңірде мал шаруашылығын қолдауға облыстық бюджеттен 5,3 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде: асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 3,7 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл облыстағы мал басын асылдандыруға үлкен серпін береді деп сенеміз.
Өткен жылы Түркістан облысында мал шаруашылығы мен сүт бағытын дамыту бойынша 11 млрд теңгенің 1897 жобасы қолдау тапты. Биыл да шаруаларға осы межені ұстап тұру міндеті жүктеліп отыр.
Айта кетейік, 6 айлықтың қорытындысымен биыл Түркістан облысы 171 млрд теңгенің мал шаруашылығы өнімін өндіріп, республикада көш бастады. Республикадағы ет экспортының 80%-і осы өңірге тиесілі.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.