СҚО-да теріні терең өңдейтін зауыт салынады
Солтүстік Қазақстан облысында жылқы мен ірі қара терісін терең өңдейтін зауыт салынады.
Жоба құны 850 млн теңге. Кәсіпкер шикізатты кәдеге жарату арқылы малға берілетін жоғары ақуызды қоспа шығарады. Әзірге ол бұл ісін шағын өндірісте жүргізіп жатыр.
Бұл Қазақстандағы төрт түлік терісін терең өңдейтін жалғыз кәсіпорын. Бір жыл бұрын іске қосылған шағын өндірісте тәулігіне 15 тонна шикізат өңделіп, мал азығына қосылатын жоғары ақуызды протеин шығарылады.
Виталий Фурс, өндіріс бастығы:
- Айына 200 тонна өнім өндіріледі. Тері қайта өңделіп құрғатылады. Кейін қондырғыда уатылып, ұн тәрізді протеин шығарылады. Кәсіпорында екі ауысымда 25 адам жұмыс істейді.
Бұл жобаға ғылыми қордан 350 млн теңге грант бөлінді. Малға, құсқа, балыққа берілетін қоспа салмақ қосуға оң әсер етеді. Қазір табиғи таза өнімге Германия, Финляндия, Польша, Қытай, Ресей, Беларусь елдерінен тапсырыстар түсіп жатыр. Сондықтан кәсіпкер Бескөл ауылында ірі тері өңдеу зауытын салуды ойлап жүр.
Асылбек Әйкенов, тері өңдеу зауытының директоры:
- 2025 жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен несие алып, зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Онда барлық малдың терісі терең өңделеді. Сонымен қатар қойдың жүні мен құстың мамығын да кәдеге жаратамыз.
Елімізде тері өңдеу саласының кенже қалғаны жасырын емес. Ал шикізат жетіп артылады. Бұл ретте кәсіпкер дәл осындай шағын зауытты Астана, Көкшетау, Павлодар, Орал қалалары мен Абай облысында ашуды жоспарлап отыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков