ҚР ТЖМ: 12 701 адам құтқарылды

Су тасқыны басталғалы 4,2 млн метр кубтан астам еріген су сорылып, 403 мың тонна инертті материал төселді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, осы уақытқа дейін 13 мыңға жуық адам құтқарылды. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай облыстарында жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған. Авариялық-құтқару жұмыстарына 6 930 адам, 2 мыңға жуық техника және 8 әуе кемесі жұмылдырылды.

Қаһарман Оразалин, ҚР ТЖМ Төтенше жағдаларды жою департаментінің бастығы:

- Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында уақытша орналастыру пункттерінде 6 461 адам, оның ішінде 2 570 бала бар. Бұл ретте тартылған әуе кемелерімен 961 адам эвакуацияланды, оның ішінде 261 бала. «Жедел желі» телефондарына 592 қоңырау келіп түсті, 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмысын жалғастырып жатыр.