Солтүстікте бес мыңнан астам адам үйіне оралды

Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен 5 мыңнан аса адам үйіне оралды.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қазір Есіл өзенінің арнасы күніне 15-25 сантиметрден түсіп жатыр. 700 үйден су кетті. Енді бүлінген мүлік бағаланып, шығын көлемі есептеледі. Ал техникалық сараптама қорытындысы бойынша тұруға жарамсыз деп танылған үйлер сүріледі. Тұрғындарға оның орнына пәтер беріледі не жаңа баспана салынады. Жалпы облыс бойынша әлі 3200-ге жуық үй су астында тұр.  

Кирил Иванников, ТЖД басқарма бастығы:

- Қазір Тепличное ауылында 6 су сору құралы жұмыс істеп жатыр. Ал Петропавлдағы Ойқала және Былғары зауыт ықшам аудандарына үш-үштен қойылған. Қосымша тағы алынады. Кей жерлерде судың деңгейі әлі бөгеттен асып тұр.