Бишімбаев соты: жарыссөзде не туралы айтылды?

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында тараптар жарыссөзге көшті.

Іс материалдары зерделеніп, тергеу нәтижелері қорытындыланды.

Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановтың ісіне қатысты сот тыңдалымы аяқталды. Енді тараптар жарыссөзге көшті. Бұл сот процесінің ең маңызды бөлігі. Мұнда сотқа қатысушылар тергеу нәтижелерін тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, қорытынды жасайды. Тараптардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келіпті. Прокуратура өкілдері марқұм Нүкенованың миына қанша қан кеткенін салыстырмалы түрде көрсетті. 

Айжан Аймағанова, мемлекеттік айыптаушы:

- Мөлшері 70 миллилитр гематома бұл. Мұндай мөлшер ауыр жағдайға апарады, адам тіпті өліп кетуі мүмкін. Біз мұны мысал ретінде көрсетіп отырмыз. Ал Салтанаттың миына 230 миллилитр қан құйылған. Оның миына соққыдан қандай зақым келгенін осыдан көруге болады. Сараптама нәтижесі көртсеткендей, Салтанаттың басына шамамен 12-13 рет қатты соққы жасалған.

Жарыссөзде марқұмның ағасы Айтбек Амангелді қарындасын қаралауға жол берілгеніне қынжылыс білдірді. Айтуынша, сот басталғалы марқұм жайында жалған алып-қашпа әңгімелер көбейген. Ал әділ шешім шығару алқа билердің ар-ұжданына байланысты деді.

Айтбек Амангелді, марқұмның ағасы:

- Біздің отбасымыз қара жамылды. Біз үшін өмір тоқтап қалған сияқты. Мен тек әділдік орнауын қалаймын. Бізге аяушылық пен жанашырлықтың қажет жоқ. Сіздерден тек әділ жаза берулеріңізді сұраймыз.

Прокурорлар бұған дейін Байжановқа тағылған айып бойынша бір бапты алып тастайтындықтарын мәлімдеген. Сот жарыссөзінің кейінге шегерілуіне де осы себеп болды. Алайда, прокуртура өкілдері бұл Байжановтың қылмысқа қатысы жоқ дегенді білдірмейді деп отыр. Қорғаушылардың пікірі де осыған саяды. 

Дамир Ишмаметов, қорғаушы:

- Ол өзінің қылмысқа қатысы бар-жоғын білмеймейтінін айтады. Алайда, оның қылмыс жасағанын біз білеміз. Егер ол сәл де болсын, адамгершілік танытса, онда жедел жәрдемді шақыратын еді. Алайда, Байжанов барлық бейнежазбаларды өшірді. Марқұм басқа жерде тірі жүргендей көрсету үшін, ұялы телефонын қаланың бірнеше жеріне апарды. Мұның барлығы прокурор айтқандай қылмыс ізін жасыру үшін жасалынды.

Жарыссөзде тараптарға тек сот ісі аясындағы тергеу мәліметтеріне сүйенуге рұқсат беріледі. Ал зерттелмеген дәлелдемелерді негізге алуға заңмен тыйым салынған. Судья алқабилерге үкім шығарған кезде бұл мән-жайларды ескермеу қажеттігін түсіндірді.

Қуандық Танабас, Ержан Рахманбердиев