С. Шәпкенов: Тасқын қаупі сейілген жоқ
Су басуы мүмкін аумақтарда кезекшілікті күшейту керек. Атырау облысының әкімі: «тасқын қаупі әлі сейілген жоқ», – деді.
Серік Шәпкенов жедел штаб отырысын өткізіп, Жайық өзенi бойындағы учаскелерге жауаптылар жұмысының барысын бағамдады. Жағадағы кезекшілікті күшейтуді тапсырды. Әрі арнайы техникалар сақадай сай тұру қажеттігін ескертті. Аймақ басшысының айтуынша, Индер ауданында су деңгейі түскен. Алайда арқаны кеңге салуға әлі ерте. «Қазір нөпір су Махамбет ауданына келді. Кейін Атырауға да жетеді. Сол себепті жайбарақат отыратын кез емес», – деп сөзін түйіндеді әкім.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
- Қазір нөпір су қалаға келе жатыр. Ең үлкен салмақ енді қалаға түседі. Атырауда күніне 1 см көтеріледі. Әлі Махамбетті өткен жоқпыз. Махамбеттен кейінгі су бізге келгеннен кейін бұл су үлкен қысыммен біздің арнаға құйылғанда арнамыз кенет көтеріледі.