Құлсарыда 150 үйдің құрылысы басталады

Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналған 150 үйдің құрылысы басталады.

Ауданы 80 шаршы метрді құрайтын 74 нысанның аумағы белгіленді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов құрылыс жұмыстары келесі аптаға жоспарланғанын мәлімдеді. Тұрғын үйлер облыстық бюджет пен демеушілердің қаражатына салынады. Елді мекен тұрғындары жарық және сумен толық қамтылған. Қазір газ беру жүйелері қалыпқа келтіріліп жатыр. Ықшамаудан аумағында екі мың орындық білім ордасын салу көзделген. Облыс әкімінің тапсырмасымен әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Нұрберген Құсайынов, құрылыс, Атырау облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Бұл тұрғын үйлердің типтік үлгілері жасақталып, эскиздік жобасы ұсынылды. Жақын арада құрылыс жұмыстарын жүргізетін боламыз. Ықшамауданда бекітілген жер телімдеріне арнайы қазықтар қағылды. Іргетасын құюға дайын тұрмыз. Жер телімдері бөлінген сайын тұрғын үй құрылысын жалғастыра береміз.