Балық шаруашылығына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіле бастады
«Акваөсіру туралы» заң жобасының қабылдануы елдегі балық шаруашылығының ширауына сеп болды, деп хабарлайды 24kz.
Бұған су айдындарын пайдалануға беру, балық жемі мен инвестициялық жобаларды субсидиялау сияқты үкіметтік қолдау тың серпін берді десек болады. Мысалы Алматы облысында былтыр 4 мың тонна балық өсірілген. Арна тілшілері Еңбекшіқазақ ауданында, бақтақ балығын өсірумен айналысатын шаруалармен сұхбаттасып қайтқан еді.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Мәрлен Тұрсынәлінің балық өсірумен айналыса бастағанына 12 жыл болды. Ол басқаратын шаруашылық жылына мың тоннадай тауарлы бақтақ балығын өндіреді. Кәсіпкер осындай көрсеткішке қол жеткізу үшін жақында жылдық қуаты 400 тонналық жаңа шаруашылығын ашты.
Мәрлен Тұрсынәлі, шаруашылық басшысы:
- Қазіргі таңда біздің осы өсірген балықтардың бәрін негізгі ойымыз Ресей мемлекетіне шығарсақ, содан кейін Қытай мемлекетіне шығарсақ деген ойларымыз бар. Өздеріңізге белгілі, Президенттің тапсырмасымен балық өсірудің санын арттыру бойынша 2030 жылы 270 мың тоннаға жеткізу межесі қойылған. Сол мақсатта Үкімет тарапынан да қолдаулар жүргізіліп жатыр.
«Акваөсіру туралы» заң жобасына өзгеріс енгізілуі арқылы еліміздегі балық шаруашылықтарына мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіле бастады. Балық шаруашылығын салуға кеткен шығын мен балық өсіруге жұмсалатын қаржының 25%-і Үкіметтен субсидияланады. Осындай қолдау қаржыға ие болған шаруашылықтар балық етін өңдеумен айналысатын кәсіпорын салуға бет бұра бастады. Олар «Балық мектебі» жобасын жүзеге асырып, жас мамандарды да өздері даярлап жатыр. Бұл шаруашылық 2020 жылдан бері 500 адамды балық шаруашылығы мамандығы бойынша қысқа мерзімді курстан өткізген.
Нұрбол Абайұлы, шаруашылық меңгерушісі:
- Қазір соның жартысынан көбі, яғни 260 студентіміз өзінің шаруашылығын ашып, бизнесін жүргізіп, балық өсіруде. Сол аквакультурада білімін беріп қана қоймай, келісімшарт жасап, олармен балықты қалай өсіру керек, қандай ортада өскен тиімді, қалай оны сату керек, қалай өңдеу керек, барлық жағынан көмектесіп жатырмыз.
Әділбек Нұрболатұлы, жас маман:
- Мәкең, әрине, өте еңбекқор адам. Ол кісі график деген нәрсеге, ешқандай күнге, түнге қарамайды. Өзінің шаруасы, өзінің сүйген ісі, сүйікті ісі – балық шаруашылығы үшін бар жан-тәнімен жұмыс жасайтын адам. Осы 6 жылдың ішінде мен ешқандай университет бере алмайтын тәжірибені осы шаруашылықта Мәрлен ағамыздың қол астында жұмыс жасап жүріп алдым.
Балық шаруашылығында көптен шешімін таппай келе жатқан түйткілдер де бар. Елімізде балық ауруларын емдейтін дәрі-дәрмек пен жүйелі түрде сараптама жасайтын зертханалар жоқ. Жоғары сапалы балық жемін өндіру ісі де аяғына жем түскен аттай ақсап тұр. «Ендігі кезекте біз осы мәселелерді шешуге атсалысуымыз қажет», - дейді облыстағы балық өсірушілер.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов