Орталық Азия елдерінің туы Антарктидада желбіреді

Қазақтың көк туы Антарктидада желбіреді. Басты мемлекеттік нышанымызды бұл жолы Жер шарының ең суық нүктесіне өзбекстандық блогер Абдурахмон Фазилов алып шықты. Ол адам аяғы баспайтын, тіршілік атаулы көп кездесе бермейтін құрлыққа 9 күн сапарлап, «Порт ле Кларк» айлағына тоқтаған. Сөйтіп, сол жерге Орталық Азия елдерінің достығы мығым болсын деген ниетпен 5 бірдей байрақты қатар қондырыпты. Қазір кейіпкеріміз отанына оралған.

Қазаққа құрметі әрбір сөзі һәм ісінен аңғарылатын Абдурахмон Фазилов бұл сапарын 1 жыл бойы жоспарлаған. Антарктидаға апарар жолдың ұзақ әрі тәуекелге толы болатынын ескерген ол ертерек қамданады. Әуелі Өзбекстан астанасынан Түркияға жолға шығып, Бразилияны басып өтіп, Аргентинаның алыс аралдарына барып табан тірейді. Сосын мұз жаратын алып кемелерге отырады. Блогер сол сәттен бастап естен кетпес оқиғаларды бастан кешеді.

Әлеуметтік желіде 1 млн 600 мың оқырманы бар қолданушы оңтүстік мұхитты көргендегі әсерімен әлі бөлісіп жүр. Алайда бастапқыда көпшілікке сапардың негізгі мазмұнын жария етпеген. Бұл ретте Орталық Азия елдері байрағын Антарктидаға орнату басты мақсат еді. «Порт ле Кларк» айлағына жеткен бойда туристер командасы дауылға тап болып, ту тігу миссиясы сәл кешеуілдейді. Дегенмен арада бір күн өткеннен кейін жоспар орындалады. 

Абдурахмон Фазилов, блогер:

- Осы сапарға шығар алдында барлық 5 елдің де туын алып бару идеясы ойға келді. Ақыры ұзақ жол жүріп барады екенмін, демек бауырлас ұлттардың да мемлекеттік нышандарын сол жерге орнатқаным жөн болады деп шештім. Антарктида – өте суық құрлық. Саяхат барысында дауыл болып, ауа райының қолайсыз кездеріне кезіктік. Бір түн қар жастанып жатуға тура келді. Суыққа лайықталған киім-кешек, төсек-жабдығымыз болды. Бірақ бәрібір ауа райы қолайсыз болды.

Абдурахмон табиғаттың тылсым жаратылысын тамашалап, адамзатты алаңдатқан климаттық өзгерістерге де куә болған. Оның бұл әрекетін әлеуметтік желі қолданушылары жоғары бағалап отыр. Қазақстаннан қоңырау шалып, алғысын білдіріп жатқандар бар. Халықтар арасындағы бірлікті кең насихаттауға атсалысқан жан алдағы уақытта сол ісін жалғастыра бермек.

Алтынбек Исмаилов, ақын:

- Абдурахманның Орталық Азия елдерінің туларын суық құрлыққа алып барып тіккені өте  керемет көрініс болды. Себебі бұл мемлекеттердің бір-біріне құрметі ерекше. Халықтардың өзара қатынасы жақсарып жатыр. Біздің онсыз да тарихымыз ортақ екені белгілі. Енді келешегімізді кемелдендіре түсуіміз үшін осындай іс-әрекеттерге баруымыз керек.  

Бұл Орталық Азия елдері арасындағы бекем бірліктің бір мысалы ғана. Достық рухта өрбіп жатқан қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен және тәжік ынтымақтастығы экономикалық байланыстарды тереңдете түсті.

Авторы: Рауан Мыңбаев.