Қарағанды облысының құтқарушылары мен жолшылары жұмысты күшейтті
Қарағанды облысының құтқарушылары мен жолдың жағдайына жауапты кәсіпорындар жұмысты күшейтті, деп хабарлайды 24KZ. Боранды күндердің соңы аязға ұласып, түнде ауа температурасы -38 градусқа дейін төмендеді. Қазір өңір бойынша 177 стационарлық және 160 жылжымалы жылыту бекеттері бар.
Әбдіғали Ахметов Шымкент қаласының тұрғыны. Ол жүк көлігімен тауар тасиды. Боран салдарынан жолдар жабылып, Балқаш қаласы маңындағы бекетте екі тәулік тұрыпты. Жолаушыларға тұрғындар, кәсіпкерлер мен жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмек берілген.
Әбдіғали Ахметов, жүргізуші:
- Өзіміз мынау оңтүстіктен келе жатырмыз. Шымкент қаласынан. Мынау Қарағандыға бара жатырмыз. Кіріп тамақ, шайымызды ішіп жатырмыз. Жылы жерде. Көмектесіп жатқан кісілерге алғысымызды айтамыз.
Ат құлағы көрмейтін көрінбейтін боранда өңір құтқарушылары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Сол түні Осакаров ауданында қар құрсауындағы көлікті шығарып, жүргізушісін дер кезінде қауіпсіз жерге жеткізген.
Облыс бойынша жолдардың бойында 177 стационарлық және 160 жылжымалы жылыту бекеттері бар. Мысалы, Балқаш маңында 700-ден астам көлік пен 6 автобус бірнеше тәулік бойы тұрды. Оларға арнайы палатка тігіліп, жергілікті мектеп-интернатының бірінде және мешітте жатын орын ұйымдастырылды.
Марат Тұтқышов, Балқаш қаласы ТЖБ бас маманы:
- Қазіргі таңда бізде 31 жылыту пункті бар. Соның екеуі жұмыс істеп тұр. Бір палатка. Оның ішінде халыққа ыстық тамақ, шай беріліп жатыр. 27 техника бар. Оның ішінде екі жол талғамайтын жүк көлігі бар.
Балқаш қаласы әкімдігі ауа райы қолайсыз кездері жолаушыларға көмек беру бойынша жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасасқан. Соның негізінде ыстық тамақ, қажетті заттармен және жатын орынмен қамтамасыз етілді.
Жанмира Рахпанова, Балқаш қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Жолаушыларды тамақтандыру бойынша қаладағы 6 мейрамханамен келісімшарт жасалған. Кейбір кәсіпкерлер ыстық шай, нан мен қажетті заттарды өздері әкеліп берді. Жанармайы таусылып, оған ақшасы болмай қалған жолаушыларға да көмек көрсетеміз. Жатын орын, тіпті моншасына дейін ұйымдастырып беріп жатқандар бар.
Қарағанды облысында республикалық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 1422 шақырым. Оны күту, тазалау жұмыстарына «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы филиалының 134 техникасы жұмылдырылған. Боранды күндері күрежолдарды қар қалың қар басты. Жұмыс ауқымы бірнеше есеге көбейіп, үлгермеуге байланысты жолшыларға күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді.
Ернұр Қайыров, №79 жол-пайдалану учаскесінің басшысы:
- Жол пайдалану учаскесінде 12 техника бар. Жүргізушілер күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Бізде арнайы ұялы байланыс қосымшасы бар. Ауа райын содан қарап отырамыз. Көктайғақ, боранның алдында жолға құм сеуіп, техникаларды жұмылдырамыз. Кейде өзге учаскедегі әрптестерімізге көмекке баратын кездеріміз болады.
Өңірдегі республикалық маңызға ие жолдарда көктайғақ кезінде қауіпті 275 учаске бар. Ол жерлерге тұз бен құм қоспасы себіледі. Бұған қоса қар басатын жол учаскелеріне ағаштан жасалған жылжымалы бөгеттер қойылып отырады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков.