Қостанайда жазасын өтеушілер өндірісте жұмыс істеп жүр

Қостанайдағы қоныс колониясында жазасын өтеп жатқандардың жартысынан көбі өндіріс орындарында жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды 24KZ. Еңбекпен түзеу мекемесі кәсіпорындармен келісімшартқа отырған.

Мысалы, құрылыс материалдарын шығаратын екі зауытта 40-қа жуық жазасын өтеуші жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, ұн тарту комбинатында, коммуналдық қызмет саласында 80 адам екі қолға бір күрек тапты. Оларға еңбекақы төленіп, тиісті әлеуметтік аударым жүргізіледі. Қоныс колониясының әкімшілігі осы әдіспен жазасын өтеп жатқандардың барлығын жұмыспен қамтуды көздеп отыр.   

Дархан Ерғалиев, №40 мекеменің бөлім бастығы:

- Басты міндет – жазасын өтеушілерді еңбек арқылы түзету. Сонымен қатар бұл олардың еркін өмірге бейімделуіне, қоғамда өз орынын табуына мүмкіндік береді. Кейін қаласа, бостандыққа шыққан соң сол кәсіпорындарда әрі қарай жұмысын жалғастыра алады.