Қызылорда облысында мұз бетіне шыққан балықшыларға ескерту жасалды

Қызылорда облысында толық қатпаған мұздың үстіне шыққан 200-ден астам балықшыға ескерту жасалды.

Өңірдегі су айдындарына мұз әлі жұқа. Оңтүстік аудандардағы көлдерде балық аулау қауіпті, дейді құтқарушылар. Бірақ балықшылар ескертуді елемейді. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін құтқарушылар күн сайын өзен-көлдің жағалауын шолып шығады. Мұздың қалыңдығын өлшеп, тұрғындарға ескерту жасайды. Бірнеше күн бұрын Айнакөл көлінде геологтардың көлігі жарылған мұзға тіреліп, шыға алмай қалған. Оларға жедел құтқару жасағы көмек берді.   

Бақыт Ембергенов, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:

- Суасты ағыстары жүріп жатыр ғой, мұздың астымен, сондықтан да кейбір жерлер ашық болып тұр. Шиелі жақта жұқалау болатын болса, Қазалы, Арал жақтың төңірегінде мұздың қалыңдығы 50 сантиметрден жоғары болады. Күніне 100-120 шақырымға дейін автокөлік жүреді. Балықшылар болатын болса, ескерту, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.