Елімізде тазының қадірі артып, қатары көбейіп келеді

Елде тағы бір мереке пайда болды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 3 қыркүйекті қазақы ит тұқымдарының күні етіп бекітетін жобаны жариялады, деп хабарлайды 24kz.

Мамандар: «Бұл – асыл қазынамыздың қадірін арттырып, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге бағытталған шара», - дейді. Иә, бүгінде тазыны әлем тани бастады. Бабаларымыздың сенімді серігі болған құмайларды қазір өзге елдерден де көруге болады.

Елде асыл қазынамыз тазының қадірі артып, қатары көбейіп келеді. Бүгінде шашаққұлақтылардың өсуіне өз үлесін қосып, астына тонын төсеп, төріне шығарып жүрген саятшының бірі – Мейрам Қосманұлы. Итбегі елорда іргесінде 15 тазыны баптап отыр.

Мейрам Қосманұлы, итбегі:

- Күшіктердің көбісі сыйлыққа келген күшіктер бар. Әр жақтан келген күшіктер. Балқаштан келген, Аягөзден келді, Алматыдан келген күшіктер бар, сосын Астананың күшіктері бар, енді көбісі сыйға келген күшіктер ғой. Соларды енді асырап, тәрбиесін беріп, жаттығуларын беріп, дайындап жатырмыз.

Әлішер Әли, тілші:

- Қазақ тазыны жарғақ және шашақ құлақ деп екіге бөлген. Статистикаға сүйенсек, бүгінде ресми тіркелген 3 мыңнан аса тазы бар. Мамандардың айтуынша, қазақ тазысының биіктігі – 65-70 см, салмағы – 20-25 келі. Ал, жылдамдығы сағатына 50 шақырым. Алғыр құмай секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті, тіпті кей кездерде 70-100 мың тербелісті қабылдап, ажырата алады. Әрі иіс сезу мүмкіндігі – 1,5 метр.

Мейрам Қосманұлы, итбегі:

- Күшік кезінен таңдаймыз. Сүйегіне қарап, дене бітіміне қарап таңдаймыз. Жүректі болу керек. Алғыр болуы керек. Бірақ әкесіне қараймыз, шешесіне қараймыз. Қалай жүректі ме, жүгірісі қалай екен, сөйтіп, таңдаймыз.

Тазыны Мемлекет басшысының ауласынан да көруге болады. Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 бірдей құмайы бар. Кішісі Наурыз 2-ден асса, үлкені Нэнси 6 қар басқан. Ал үшінші тазы Ронни 5 жаста. Президенттің Франция басшысына сыйлаған күшіктері де ел есінде. Бүгінде Эмманюэль Макронның Жанна мен Жюль атты қос бірдей тазысы бар.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтары одағының президенті:

- Біздің Президенттің сыйлығы Макронға деген. Ол құрметінің бір белгісі және біздің Қасым-Жомарт Кемелұлы тазыны қолдау ретінде, насихаттау ретінде сондай сыйлықты беріп жүр. Қазіргі таңда әлемде бәрі біледі деп айта алмаймын. Стандарттарды ағылшын, испан, неміс тілдеріне аударып, бүкіл әлемге таратуымыз керек. Сол жұмыстарды қазір атқарып жатырмыз.

Былтыр 3 қыркүйек күні Халықаралық кинология одағы тазыны ресми түрде Қазақстандық тұқым ретінде мойындады. Сол себепті Экология және табиғи ресурстар министрлігі дәл осы күнді қазақ ит тұқымдарының күні етіп бекітетін жобаны жариялады.

Кейінгі жылдары тазы тұқымы көбейіп келеді. Оған елде өтетін шырға тарту жарыстары, сәндікке арналған көрмелер себеп. Тазы жанашыры Мейрам Қосманұлы қазақ тазысын әлемдік деңгейде жер жаһанға барынша танытқысы келеді. Осы жолда еңбектеніп те жүр. Құмайға қазірдің өзінде АҚШ, Канада, Түркия сияқты алпауыт елдерден сұраныс бар.

Авторы: Әлішер Әли