Күннің күрт жылынуы ШҚО-да тасқынға қарсы дайындықты күшейтті

Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жоғары дайындық деңгейі жарияланды, деп хабарлайды 24KZ. Қардың қалың түсуі мен температураның күрт жылынуына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Елді мекендер аумағынан 150 мың текше метрден астам қар шығарылды. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелеріне 200-ден астам мотопомпа жеткізілді. 800 арнайы техника мен 10 мың тоннаға жуық инертті материал дайындалды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінен барған арнайы топ таулы аймақтарда әуеден бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзендер мен бұлақтардағы мұздың қалыңдығы мен гидроқұрылыстардың жағдайы бақылауға алынды. Аудандарда 64 шақырым бөгеттер нығайтылды. Нәтижесінде 15 елді мекенде су басу қаупі жойылды. 

Алмас Рақышев, ТЖД аға инженері:

- Зардап шеккен халықты қабылдау үшін жалпы сыйымдылығы 17 мыңнан астам адамға арналған уақытша орналастыру пунктері анықталды. Осы бағыт бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына көктемгі кезеңге қазірден бастап дайындалуға кеңес береді. Яғни есік алдындағы қарларды уақытында шығарып, шатырдағы қарды түсіріп, мұз айдындарындағы мұзды уақытында тазарту қажет.