Ұлттық ұлан әскерилерінің ас мәзіріне ұлттық тағамдар қосылды
Ас адамның арқауы. Әсіресе қайнап тұрған күш жас ағзаға қажет-ақ. Сол себепті Ұлттық ұлан сарбаздары жай тамақ қана емес, ара-тұра қазы-қарта да жеп тұрады. Әскердің ас мәзіріне ұлттық тағамдар қосылған. Жаңа мәзірді қазақ тағамтану академиясы мақұлдаған.
Ел алдында борышын өтеп жүрген әскерилер қызметі оңай емес. Үнемі қозғалыста, әсіресе қыстың суығына қарамай, далада жаттығатын сарбаздар үшін тамақтың құнарлы болуы маңызды. Сондықтан олардың иммунитетін көтеру мен қарқынды жүктемеден кейін күш-қуатын қайта қалпына келтіру мақсатында ұлттық ас ұсыныла бастады.
Әйгерім Әленова, 5573 әскери бөлімінің асхана меңгерушісі:
- Бізде қазір 700 солдат тамақтанады. Сол себепті мына жерде үйіндей сезінсін, үйіндей көрінсін деп солдаттарға көп мөлшерде тамақ беруге тырысып жатырмыз. Сол себепті бешбармақты айына бір рет береміз.
Осы жолы да сарбаздарға ұлттық тағам беріліп жатыр. Бірінші асқа сорпа, екіншіге қазақша ет және ұлттық тағамымыз бауырсақ.
Еттен бөлек, әскерилер рационына сірне, наурыз көже, нарын, кеспе секілді дәстүрлі тағамдар қосылады және бұл ас түрлері әр мереке сайын дастарқанға қойылмақ.
Әли Тілеуқұл, 5573 әскери бөлімінің сарбазы:
- Әр мерекелер сайын бізді жиі осылай жақсы тамақтандырып отырады. Біз әскери бөлімнің ас мәзіріне өте риза боп келеміз. Әрдайым үйдегідей тамақ дайындайды. Бірінші, екінші, салат, қосымша жемістер.
Ұландықтарға ұлттық ас ұсыну – былтырдан қолға алынған бастама. Мұндай шешім сарбаздардың физикалық тұрғыда нығаюынан бөлек, әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын көтеріп, мәдени бірегейлігімізді сақтауға үлесі тимек.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Мадияр Қындыбаев.