Шетелдіктер енді қазақстандық банк карталарын 1 жылдан артық қолдана алмайды
Енді шетел азаматтары қазақстандық банк карталарын 1 жылдан артық қолдана алмайды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жаңа ереже интернет алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында қабылданып отыр, деп хабарлайды 24kz.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында 6200 дроп картаның қолданылғаны белгілі болды. Олар есірткі саудасы, кибер алаяқтық және заңсыз құмар ойындарында пайдаға асып, 24 млрд теңге айналымда жүрген. Ал тексеріс кезінде мұндай карта иелерінің 90%-і шетелдік азаматтар екені анықталған.
Бекжігіт Серікбай, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Дроптар – бұл банктік карталар мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданатын жалған тұлғалар. Іс жүзінде дроптар деген халықтың осал топтарына жататын адамдар болды. Ол жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер. Олар қылмыстық схемалардағы рөлдердің барлық салдарын түсінбейді. Мұндай карталардың иелерінің 90%-тен астамы резидент емес тұлғалар болған.
Сонымен қатар дропперлер туралы ақпарат шетелдік құқық қорғау органдарына жолданған. Заңсыз әрекеттерді түпкілікті жою үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен күдікті шоттағы қаражаттарды тоқтату және қашықтан көрсетілетін банк қызметін өшіру механизмі іске қосылды. Сондай-ақ енді бұдан былай 10-нан астам банк картасы бар клиенттерге де тексеріс күшейтілмекші.
Бекжігіт Серікбай, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Бір клиентке берілетін банктік карталардың санын шектеу және 10 немесе одан да көп карталары бар клиенттерге тексерістер күшейтілді. Күдікті операцияларды анықтау және күмәнді клиенттерді Қаржы мониторинг субъектілеріне қызметтерден ажырату үшін типологиялар әзірленді.