Ақтөбелік құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайындықты пысықтады

Ақтөбе облысында 35 елді мекенді су басу қауіпі бар, деп хабарлайды 24kz.

Қарғын су Ырғыз, Қобда, Ойыл аудандарының халқын әбігерге салуы мүмкін. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары мәлімдеді. Қазір өңірде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында өзен жағалары бекітіліп, қосымша бөгеттер салынып жатыр. Бүгін облыста «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Жиынға төтенше жағдайлар департаменті мамандарымен қатар әскерилер, орман шаруашылығы сарбаздары мен волонтерлер қатысты. Олар жылғаларды тазартып, су тасу қауіпі бар аймақтардан қар шығарды. Жалпы тасқынмен күресуге екі жарым мыңға жуық адам тас-түйін дайын. 800-ден астам арнаулы техника жұмылдырылады.

Аслан Арзымбетов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Былтырғы су тасқыны кезеңінен кейін бізде Ойыл ауданы Қаратал ауылында, Қобда ауылында, Ырғыз ауданында, Темір ауданында және Ақтөбе қаласында қорғаныс дамбалары салынды. Сонымен қатар суағарлар жүйелері салынды.