Киберқылмыстың 90% жастардың қолымен жасалады – мамандар

«Еліміздегі киберқылмыстардың 90%-і жастардың қолымен жасалады. Оны азайту үшін оқушыларды мектеп қабырғасынан IT саласына дайындауымыз керек», - деді Қонаев қаласында өткен «Заң мен тәртіп үстемдігі – тұрақтылықтың кепілі» атты іс-шараға қатысқан мамандар.

Өңірлік жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған жиынға қаладағы мектеп оқушыларымен полиция қызметкерлері және осы саланың ардагерлері қатысып, өзара пікір алысты. Бірақ таяқтың екі ұшы болатыны сияқты жастарды киберқылмысқа қарсы күреске жұмылдырудың да өзіндік түйткілдері бар. Мәселен, өткен жылы еліміздегі полиция қызметкерлерін даярлайтын 4 жоғары оқу орнына түскісі келген 600 оқушы көз дәрігерінің тексерісінен өте алмаған. Себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені осы күні жастардың қолынан күндіз-түні смартфон түспейтін болған.

Жанар Көптілеуова, облыстық ПД Тәрбие және кадр жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары:

- Жалпы бізге жұмысқа кірген кезде өзінің талаптары бар. Сол талаптарға сәйкес келмегені өткен жылы бізге 600-ге жуық өтініш осындай 11-сынып оқушылары білдірсе, оның 60-70%-і осы көз ауруына байланысты біздің ішкі істер органдарының қатарына кіре алмады. Оның барлығына медициналық анықтама қорытындысы негізінде біз осындай талдау жасадық.

Дәулет Науқанбек, Қонаев қаласындағы №3 мектептің 9-сынып оқушысы:

- Менің ойымша, бұл қазіргі таңдағы жаһандық мәселелердің бірі. Ол көптеген жастар көзілдірік тағады. Себебі қазіргі таңда айта кетсем, жаңағы смартфон сияқты, компьютер сияқты құрылғылар өте көп және оған жастар көп қызығады. Өздерінің жаңағы «зрение» дейді ғой, осыны жоғалтып алып, өзіне қажетті мамандықтарға түсе алмай қалып жатыр.