Елімізде құрылыс саласына білікті мамандар қажет

Биыл Алматыда 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, деп хабарлайды 24kz.

Демек, құрылыс саласына білікті мамандар қажет болады. Соңғы жылдары мегаполисте энергетиктер мен электрмен жабдықтау мамандарына сұраныс арта түскен. Олардың еңбекақысы да аз емес. Сол себепті жастар жұмысшы мамандықтарды таңдай бастады. Жалпы құрылыс саласына керекті кадр қалай дайындалады? Кәсіптік білім алған мамандар жұмысқа орналас ала ма?

Алмас Садуақас, тілші:

- Алматыдағы құрылыс компаниялары дәнекерлеушілер мен сантехниктерге айына 400-500 мың теңге аралығында еңбекақы төлейді. Ал электр қуатының тілін білетін шеберлер бұдан жоғары айлық алады. Алматы құрылыс-техникалық колледжінің студенті Эльдар Балабеков электрмен жабдықтау мамандығына оқиды. Қазір соңғы шыққан құрал-жабдықтармен қалай жұмыс істеу керектігін үйреніп жүр.

Эльдар Балабеков, студент:

- Бұл – кішкентай үйдің, «ақылды» үйдің макеті. Бұл жерде біз телефон арқылы вытяжканы жасауға болады. Және де басқа да жарықты істеуге болады. Біз 1-4 бөлмелерді өзіміз жалғай береміз. Стенд пен макет арқылы жалғай береміз өзіміз.

Қалада көпқабатты тұрғын үй кешендері көбейіп келеді. Үй салынғаннан кейін оны күтіп-ұстау мәселесі туындайды. Бұл ретте оқу орнында екі жыл бұрын «Шаруашылықты басқарушы» мамандығы ашылды. Оған мемлекеттен арнайы грант бөлінген. Бұл мамандықты игергендер көпқабатты үйлердегі инженерлік және комуникациялық жүйелердің жұмысына жауап береді. Тазалық пен қауіпсіздікті қадағалайды. Биыл елде «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланды. Алдағы 5 жылда құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі сынды салаларға сұраныс тағы артады

Бектұрған Ахметов, құрылыс-техникалық колледжінің директоры:

- Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеретіні ол сөзсіз. Сол себепті біз қазір биылғы жылы пайдаланып, елімізге, экономикамызға мықты кадрларды, мықты мамандарды дайындауымыз керек. Түлектер қазіргі таңда әлеуметтік серіктестерміздің базасында жұмысқа қалады. Олар тәжірибеден өтіп жүрген кезде II курстан бастап олар жалақы алып, сол жерде ақылы түрде тәжірибен өтіп жатыр көбісі.

Жалпы құрылысшы мамандығын оқып-тәмамдаған жастарда жұмыс істеймін деген ниет пен ынта болса жеткілікті. Қазір нарықта жиһаз жасаушыларға, ағаш ұсталарына, құрылыс-монтаж жұмысын жүргізушілерге, дизайнерлер мен сәулетшілерге сұраныс бар.

Нұрлан Боранбаев, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:

- 2025 жылы біз 2,5 млн-нан астам шаршы метр қосайын деп жатсақ, соның ішінде 400 мыңдай шаршы метр жеке тұрғын үй секторы болады.

Жалпы еңбек нарығын жұмысшы мамандарсыз елестету мүмкін емес Елде 2030 жылға дейін 2 млн-ға жуық жұмысшыға сұраныс болады. Оның миллионы жұмысшы мамандықтарға тиесілі болады деген экономикалық болжам бар.

Авторлары: А.Садуақас, Ә.Нарымбаев