Атырауда «Кемелдену жолындағы бес қадам» атты ата-аналар форумы өтті

Атырауда жастар арасындағы құмар ойын, нашақорлық, вандализм, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Кемелдену жолындағы бес қадам» атты облыстық ата-аналар форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Былтыр Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі өзекті мәселелерді көтеріп, бес кесел туралы баса айтқан еді. Облыстық білім басқармасы мен «Білім-Инновация» лицейі ұйымдастырған басқосу да осыған негізделген. Келелі жиында мектептердегі тәрбие жұмысын жандандыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері мен жастарды зиянды әрекеттерден сақтау жолдары айтылды. Сондай-ақ «ата-ана-оқушы-ұстаз» үштік одағының маңызы туралы сөз қозғалды. Форумға Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қатысып, бала қауіпсіздігіне қатысты қабылданған заң жобаларын түсіндірді. Бұған қоса, оқушылардың жобаларынан көрме өткізіліп, көрермендерге таныстырылды.

Ержан Әубәкіров, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті:

- Ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау қаласында болған Ұлттық құрылтайда жалпы негізгі 6 құндылықты белгілеп кетті еліміздегі. Біртұтас тәрбие бағдарламасы қабылданды. Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында барлық мектеп осы құндылықтарды әртүрлі іс-шаралар арқылы тек қана сабақта емес, сабақтан тыс уақыттарда балаларға осы құндылықтарды дәріптеу, қалыптастыру міндеті бар. Бүгінгі болып жатқан іс-шара осының бір кульминациясы сияқты жалпы жобалар көрсетіледі, айтылады.