Орталық Азияның бірыңғай визасы енгізілуі мүмкін
Орталық Азияның туризм саласы жаңа сатыға көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Елдер арасында бірыңғай виза енгізу жоспары бар. Бұл жөнінде Қырғызстанда өткен «Kazakhstan: Born Bold» жобасының тұсаукесері кезінде айтылды.
Орталық Азияға туристерді көптеп тарту жолдарының бірі визалық режимді жеңілдету шаралары бола алады. Қазір осы мақсатта Орталық Азияның бірыңғай визасын енгізу мәселесі мемлекетаралық деңгейде талқыланып жатыр. Бұл осындай рұқсат алған шетелдікке аймақтағы барлық елге еркін саяхаттауға мүмкіндік берер еді. Мысалы, Қазақстанға келген турист бір визамен көрші Қырғызстанға да еш қиындықсыз бара алады.
Сергей Глуховеров, туристік фирманың директоры:
- Бізге туристерді тарту үшін осы саладағы әлеуетімізді бірігіп жарнамалап әрекет ету керек. Мысалы, Қырғызстанның ішінде түрлі турлар ұйымдастырсақ, туриске бір визамен көршілес Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанға да саяхаттап баруға болатынын көрсетеміз. Жақсы бағыттар ұсынамыз. Сөйтіп, аймаққа туристерді көптеп тартамыз.
Қазақстанда туризмді дамыту Қырғызстанға да өте тиімді. Себебі туроператорлар туристерге бір елге ғана емес, бүкіл аймаққа саяхаттауды ұсына отырып, қызығушылығын тудырады. Қонақтар да бір сапарда бірнеше елді аралап демала алады. Бұл көрші елдер арасында инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізеді. Мысалы, Алматыдан Ыстықкөлге дейін жол салуға негіз болады.
Кыял Кенжематова, Қырғызстан Экономика министрлігі туризм департаменті директорының орынбасары:
- Мұндай жолды салу үшін жоба аясында біз оны әлі жан-жақты талқылаймыз. Бұл үшін мәселені тереңірек зерттейтін жұмысшы топ бар және жобаны Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асыруға болады.
Ресми дерек бойынша, былтыр Қырғызстанға 17 миллионға жуық турист барған. Оның 2,5 миллионға жуығы – Қазақстан азаматы. Бұл 2 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 120 мың адамға көп. Демалуға барғандар тек курорттық бағытты ғана емес экстремалды және этнографиялық демалысты да көптеп таңдайтын болған.