2024 жылы 470 мың га алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылды
Былтыр су үнемдеу технологияларын қолдануға көшкен егістік алқаптардың көлемі 470 мың гектарға жетті, деп хабарлайды 24KZ. Сәйкесінше өнімділік артып, шаруалар қамбаны еселеп толтырды. Салалық министрлік бұл бағыттағы жұмыс қарқынын биыл да ұлғайтуға ниетті. Себебі жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Мемлекет басшысы осындай тапсырма жүктеді. Ал оның орындалу барысы қалай болмақ?
Былтыр Қызылорда облысының шаруалары 4400 гектар егістікке су үнемдеу технологияларын енгізді. Оның ішінде 3200 гектар жерде тамшылатып, ал 1200 гектарында жаңбырлатып суару әдісі қолданылды. Бұл алқаптарда көбіне түрлі көкөніс, бақша дақылдары мен жоңышқа егіледі. Биыл да жоспар ауқымды. 9200 гектар егістікті су үнемдеу технологиясымен қамту көзделген.
Асылжан Жарылқасынов, Қызылорда облысы ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Облысымызда су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асыру басталды. Ол: Шиелі ауданы, Қазалы ауданы және Арал аудандарында жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісімен жоңышқа, жүгері, дәнжүгері дақылдарын егу жөнінде ірі инвестициялық жобалары. Сонымен қатар егістік жерлерде суды үнемдеудің басты маңызы бар операциялардың бірі – ол егістік жерді тегістеу. Яғни лазерлік тегістеу. Бұл лазерлік тегістеу егістіктің бетін 0-5 см ауытқуда тегістей отырып, біркелкі жайылудың арқасында су шығынын азайта отырып, 20%-ке дейін судың көлемін үнемдеп, өнімділікті арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Шаруашылықта тіршілік нәрін үнемдеуге көшкен егіншілерге субсидия беру қарастырылған. Былтыр жаңа технологияны енгізуге кеткен шығынды мемлекет тарапынан өтеу көлемі ұлғайтылды.
Берікбол Мәндібаев, ҚР СРИМ Суды үнемдеу технологияларын дамыту департаментінің директоры:
- Бүгінгі таңда ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған шығындарын қайтару бойынша субсидия көлемі былтырғы жылы 50%-тен 80%-ке дейін өсірілді. Бұл шаруалар үшін үлкен көмек. Яғни 100 млн теңге шығын кетсе, 80 млн теңге дейінгі шығыны мемлекет есебінен қайтарылады, соның ішінде 50% республикалық бюджет есебінен, 30% жергілікті бюджет есебінен қайтарылады.
Өткен жылғы егістік науқанында қосымша 158 мың гектар жерде су үнемдеу технологиялары қолданылды. 44 мың гектарында тамшылатып суару жүйесі, 58 мың гектар алқапта лазерлік тегістеу технологиясы, сондай-ақ тағы 56 мың гектар жерде жаңбырлатып суару құрылғылары пайдаланылды. Шаруалар қолданатын бұндай техниканың бір бөлігін отандық зауыт жеткізіп отыр. Мамандар жаңа технологиялар арқылы жылына тіршілік нәрінің 30%-ін үнемдеуге болатынын айтты.
Әнуар Қасымов, жаңбырлатып суару техникасын шығаратын зауыт басшысы:
- 2024 жылы Шығыс Қазақстанда құрал-жабдық қойдық. Фермерлер өте риза. Біздің құрал-жабдық өзін жақсы көрсетті. Көктемде қойғандар күзде жақсы өнім алып, тағы да алды бізден. Қазір енді фермерлермен әрқайсысымен жұмыс істеп жатырмыз. Ақмола, Қарағанды облысынан, барлық жақтан хабарласып шығып жатыр, осы зауытқа да келеді. Қазақстанда осындай өндіріс бар екеніне қуанады.
Елде судың көп бөлігі, яғни 65%-і ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Енді жыл сайын 150 мың гектар алқапты үнемдеу технологияларына көшіру міндеті қойылып отыр. Өндіріс орындары да суды үнемдеуге міндетті. Тірлішік нәрін айналмалы түрде қайта пайдаланудың үлесін арттыру міндеттемесі жаңа Су кодексінде қарастырылған.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Нұрлан Жақыпбеков, Руслан Әлиев.