Павлодар тұрғыны 15 жыл бойы тазы асырайды

Павлодар облысында ит жүгіртіп, құс салуға ден қойғандар қатары артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Облыс орталығында тұратын Дәурен Көптілеуов тазы асырайды. «Мақсатым – ежелден келе жатқан көне дәстүрді қайта жалғап, текті иттің тұқымын көбейту», – дейді. Оның екі тазысы республикалық және халықаралық жарыстарда жеті мәрте чемпион атанған.

Дәурен Көптілеуов алты тазы асырайды. Жүйрік жануарды қала ішінде ұстау оңай емес. Сондықтан аптасына екі рет жазық далаға шығарып, 15-20 шақырымға жүгіртіп келеді. Аңға салып, түрлі жарысқа да апарады.

Бұл көктұйғын, аңға түсіп жүрген тазы. Оны мына бетіндегі жарақаттарынан-ақ көруге болады. Осы уақытқа дейін қоян, борсық, қарсақ, түлкі алған екен. Иесінің айтуынша, тек қасқырға ғана түспепті. Сәтін салып жатса, қасқыр алып қалуы да ғажап емес.

Көктұйғынның жасы төртте. Ол осыдан үш жыл бұрын Баянауылда аңшылық өнердің үздігі Мәуия Әбікеевті еске алуға арналған шырға тарту жарысында бас жүлдені жеңіп алған. Одан кейін де бірталай жарысқа қатысты. Жүлдесіз қайтқан жоқ. Ал Дәурен Көптілеуовтің тазы асырай бастағанына 15 жыл өтіпті. 

Дәурен Көптілеуов, қала тұрғыны:

- Бастағаным, осы әкемнің досы Уақасов Төлеген деген, бүкіл Қазақстан ол кісіні біледі, әйгілі көкдауыл деген тазысы болған. Сол кісі маған 2009-да тазысын сыйлап еді, күшігін, содан бастап айналысып келе жатырмын.

Қазақ құмай тазыны ит деуге қимайды. Жеті қазынаның біріне жатқызып ерекше әспеттейді. Дәурен Көптілеуовтің тазылары барлық жарыста топ жарып жүр.

Дәурен Көптілеуов, қала тұрғыны:

- Томпақ деген арлан тазым бар, жасы төртте. Қазақстан чемпионы, жеті рет орын алды Қазақстан бойынша. Шырғадан да жетістіктері бар. Орындар алып жүрді. Осы халықаралық турнирлерде орын алдық. Содан кейін тағы да көктұйғын деген тазым бар. Ол бірнеше рет осы Павлодар облысында шырға тарту жарысынан бірінші орын ұтып жүрді.

Арнайы ұйымдастылатын тазылар көрмесінде көктұйғын мен томпаққа сарапшылар жоғары баға берген. Онда иттердің ұшқырлығы, қанының тазалығы мен сұлулығы сынға түседі. Жалпы Павлодар облысы бойынша 200-ге тарта тазы жанашырлары бар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.