Инвесторлар тарапынан түскен шағымдардың 83%-ы қанағаттандырылды

Астананың әкімшілік соты былтыр инвесторлар тарапынан түскен 100 млрд теңгеге қатысты шағымдардың 83%-ін қанағаттандырды. Бұл туралы Жоғарғы Сот өткізген форумда айтылды. Келелі жиында елдің инвестициялық әлеуетін жақсарту мен шетелдік кәсіпкерлерді қолдауға қатысты тағы қандай мәселелер көтерілді?

Бүгінде Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша әлемнің үздік елу елінің қатарында. Ал Орталық Азияда көш бастап тұр. Форумда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осылай деді. Жиынға Жоғарғы Сот төрағасы, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі, инвесторлар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Алдымен шетелдік кәсіпкерлер бірқатар әкімшілік кедергілер мен сот тәжірибесіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Петрос Цаканян, инвестор:

- Бізде экологиялық күрделі мәселе туындады. Екі жыл бойы дауластық. Кейін Жоғарғы Сот шағымымызды ішінара қанағаттандырды. Астанадағы сот тәжірибесі өзге өңірлерге де енгізілсе дейміз. Өйткені күрделі мәселелерді аймақ деңгейінде шешу қиынға соғып жатыр.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде мыңға жуық шетелдік инвестициялық жоба тіркелген. Олардың жалпы сомасы 44 трлн теңге шамасында. Кәсіпкерлер тарапынан түсетін шағымдардың көбі 3 саланы қамтиды. Олар Қаржы, Экология, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне қатысты болып отыр.

Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы:

- Осы 3 проблеманы саралап келетін болсақ, бізде мемлекеттік органдардың басшылығында шешім қабылдайтын деңгейде жауапкершілікті алып, негізгі заңнамада 2 түрлі талқылау болса, соны инвесторларға тиімді жағын қабылдауға жауапкершілік алу керек. Бірақ, өкінішке қарай, ондай жауапкершілікті ала алмайды. Өйткені ертеңгі өзінің жауапкершілігін ойлайды құқық қорғау органдарының алдында. Міне, сондықтан да бізде Президенттің тапсырмасына сәйкес инвестициялық штаб құрылды. Сол инвест штабтың шешімдері міндетті болады.

Былтыр елорданың әкімшілік соты 100 млрд теңгеге қатысты істердің 83%-ы бойынша инвесторлардың құқығын қорғап шықты. Олардың үштен бірінде шенеуніктерге жеке ұйғарым шығарылып, бір миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Форумда монополияға қарсы заңнама практикасы, ірі салық төлеушілердің мониторингі, жер қойнауын пайдалануға қажетті келісімшарттардың кейбір ережелерінің әсері, инвестициялық даулар бойынша тараптарды татуластыру және сот тәжірибесі сияқты негізгі аспектілер талқыланды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ербол Дайыров.