Атырауда интернеттегі алаяқтық азаймай тұр
Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық интернет алаяқтық дерегі тіркелген.
Қазір оның 37-сіне қатысы бар 3 күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Негізінен интернет алаяқтардың арбауына зейнеткерлер көп түседі. Жыл басынан бері өңірде 10 зейнеткер алданған. Қылмыскерлер оларға хабарласып, сәлемдеме келгені туралы жалған ақпарат таратады. Кейін құпия сөзді біліп, ірі көлемде несие рәсімдейді. Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында, бүгін Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы мамандары «Қазпошта» бөлімшелерінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Гүлсім Баязитова, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Біздің мекемеге де арыз-шағымдар біршама түсіп жатыр бұл бағытта. Бірақ біздің тарапымыздан барынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, жүргізіледі. Алдағы уақытта құқықтық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береміз.
Сәдуақас Жанғалиев, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Қазіргі уақытта зейнеткерлер зейнетақысы алуға осы «Қазпошта» бөлімшелеріне келуіне байланысты біздер қазіргі уақытта осы «Қазпошта» бөлімшелерінде интернет қылмысының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыс жүргізудеміз.