Алматыда 102 учаскені су басу қаупі жойылды
Алматыға селден келетін қауіп жоқ.
Қала маңындағы Ойжайлау, Боралдай, Қарасу өзендерінің арнасы кеңейтілді. 400-ден астам адам мен 100 техника өзен арнасындағы мұз бен қоқысты тазалап, түбін тереңдетті. Ал таудағы мұзды көлдердің су деңгейін азайту жұмысы енді басталады. Себебі көктемде қар еріп, су деңгейі көтеріледі. Егер төтенше жағдай туындай қалса, 50-ден аса маман мен 20 техника жедел көмекке жіберіледі. Салаға жауаптылардың дайындығы «Көктем-2025» оқу-жаттығуында сыналды. Екі күндік шара аясында қаладағы хабарландыру жүйесі тексеріліп, азаматтық қорғау қызметінің су тасқынына қарсы әзірлігі пысықталды.
Алмас Құрманов, қалалық ТЖД басқарма басшысы:
- Соңғы 5 жылда қаламыздың аумағында селден бөлек су тасқынына қауіпті 102 орын болатын. Оның бәрі бүгінгі таңда жойылды. Одан бөлек жүзден астам таулы аймақтарда селге қауіпті учаскелер бар. Бірақ сел қаупі бізге маусым айынан басталады. Ол кезде таудағы көлдер ашылып, мынау өзен арналарындағы су деңгейі көтеріліп сол кезде сел қаупі күшіне енеді.