Атырау облысында ішімдіктен бас тартқан ауыл бар
Атырау облысы Индер ауданының Құрылыс ауылы тұрғындары ішімдіктен бас тартты.
Шалғайдағы ауыл бір жылдан бері тәртіп пен тыныштықтың үлгісін көрсетіп отыр. Ауыл дүкендерінде алкогольдік өнім мен темекі мүлде сатылмайды. Бір қуантарлығы, соңғы 2 жылда ауылда мас күйде жасалатын құқық бұзушылық мен қылмыс тіркелмеген.
Құрылыс ауылының тұрғындары ішімдіктен бас тартқалы берекесі кіріп, тыныштық орнапты. Ауыл жастарының бастамасы қоғамдық тәртіптің сақталуына, үлкен-кіші арасындағы қазақы сыйластыққа игі ықпал етіпті. Бастысы, жастар жағы салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қоя бастаған.
Айгүл Қажығалиева, ауыл тұрғыны:
- Бұл ауыл көптен бері ішімідіксіз ауыл деп аталып келеді. Балаларымыз жақсы нәтижелі жұмыстарға қолдары жетіп жатыр. Спортпен жақсы айналысады. Жақында ғана ауылымзда кішкентай балалар ойнайтын алаң салынып, бұл да ауылымыздың көркеюіне өзінің ықпалын жасайды деп ойлаймын.
Жарсуат ауылдық округіне қарасты Құрылыс ауылында 700-дей жан тұрады. Тұрғындар негізінен төрт түлігін өсіріп, соның табысымен күнелтеді. Сондықтан бос сенделіп жүрген жанды кездесірмейсіз. Ауылда 2 дүкен бар. Олар тұрғындардың қажетін өтейді. Бірақ ішімдік, темекі секілді тауарлар сауда айналымынан алынып тасталған.
Әсел Иманғалиева, сатушы:
- Арақ, темекі дегенді сатпаймыз. Тамақ қана сатылады бұл магазинде. Арақ деген негізі керек нәрсе емес қой, сатып та, ішіп те ұшпаққа шықпайды. Өрескел қылықтар ауылымызда болмайды. Ауылымыз тыныш.
Құрылыстықтар бұрын да Рамазан айы кезінде бір ауыздан зиянды әдеттен тыйлатын. Ал былтырдан бері жастардың бастамасымен арақ-шараптан мүлде бас тартқан. Сонан болар, өткен 2 жылда ауылда ешқандай қылмыс тіркелген жоқ. Тіпті отбасылық-тұрмыстық жанжал да болмайды. Ұсақ-түйек кикілжіңдер ауыл ақсақалдарының алқасымен шешіледі. Біз жалпы қауіпсіздікті ғана қадағалаймыз, дейді тәртіп сақшылары.
Ғалымжан Жұмағалиев, аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы:
- Бұл ауылда соңғы 2 жылда қылмыс тіркелген жоқ. Былтыр 2004 жылдың қараша айында ішімдіксіз ауыл аталды. Мұнда тұрғыындар бір-бірімен сыпайы қарым қатынаста Порлиция қызмектерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.
Жарсуат ауылдық округінің құрамына Құрылыстан өзге 4 елдімекен кіреді. Олар мемлекеттік бағдарламалар аясында біртіндеп өркениетке аяқ басып келеді. Былтыр Жарсуат пен Құрылыста 5 көшеге асфальт жол төселді. Интернет жүйесі қолжетімді болды. Басқа да игліктер жоспар бойынша жүзеге асуда, дейді ауыл әкімі.
Ербол Бөкеев, Жарсуат ауылдық округінің әкімі:
- Ауылымызға заманауи үлгідегі көше жарығы берілді. Түгелдей ауыл көше жарығына көшті. Жазғы су желісі ауысты. Мына жаңадан балалар ойын алаңы, спорт алаңы деген үлкен нысан берілді кеше, жылдың аяғында. Ауылымыз бұрыннан да тыныш. Ешқандай тәртіп бұзушылық жоқ.
Құрылыс ауылының бастамасын жергілікті билік ауыл ақсақалдары мен жастарды тарта отырып, басқа да округтерге таратуды жоспарлап отыр. Себебі зиянды әдеттен бас тартудың пайдасы тек құқық бұзушылықтың азайғанынан емес, жас ұрапқтың санасына қазақы тәрибе мен ұлттық құндылықтарды сіңірудің алғышарты болса керек.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин