ШҚО-да су қоймаларын бақылайтын арнайы цифрланған жүйе әзірленіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы бөгеттер мен су қоймалары тексеріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Қазір мамандар Бұқтырма су қоймасының сыйымдылығын жіті бақылауда. Су деңгейі Өскемендегі су электр станциясы арқылы реттеледі. «Су тасқынының алдын алу үшін дамбылар мен бөгеттердің құрылымын бақылау қажет», - дейді мамандар.

Бұл гидротехникалық туннельдер он тоғыз метр тереңдікте орналасқан. Олар заманауи құрылғылардың көмегімен тәулік бойы тексеріледі. Төрт жүз датчиктен жиналған ақпарат бір орталыққа түседі. Соның өзінде мамандар қауіпсіздік шараларын жіті қадағалап, бірнеше мәрте тексеріп алады. Наурыз айының соңына дейін станциядағы тексеру жұмыстары түгелдей аяқталуы тиіс.

Кристина Осинина, Өскемен СЭС Жөндеу және пайдалану жөніндегі жетекші инженері:

- Су қоймаларының жүк көтергіш механизмдерді, сондай-ақ басқа да гидротехникалық жабдықтарына тексеру жүргізіледі. Әсіресе, дренаждық құрылғылар қаралып, су тасқынына қарсы арнайы жаттығулар өтеді.

«Қауіптің алдын алу үшін дайындықты қазірден бастаған жөн», - дейді мамандар. Көктемде қар еріген кезде Бұқтырма су қоймасы толады. Еріген қар суының біршамасын мамандар Ертіс өзеніне ағызады. Су көлемі бақылауда болады. Өйткені шамадан тыс жіберсе, жақын тұрған елді мекендерді су алып кетуі мүмкін.

Светлана Нищенко, су электр станциясының менеджері:

- Жыл сайын су ресурстарын пайдалану жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комиссия құрылады. Ол Ертіске кететін су көлемі мен қысымын анықтайды. Сол бойынша арнайы кесте жасалады. Ары қарай жұмыс кестеге сай жүргізіледі.

Былтыр Бұқтырма су қоймасынан Ертіс өзеніне 6 мың текше метр су жіберілді. Қазір су қоймалары мен бөгеттерді ғарыштан бақылайтын арнайы цифрланған жүйе әзірленіп жатыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин