Оралда төрт мектептің жөндеу жұмысы кестеден кешігіп жатыр
Оралда 4 бірдей мектептің жөндеу жұмысы уақытында аяқталмай, балалар басқа мектептерде 3 ауысыммен білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды 24kz.
Жалпы қалада үш ауысыммен оқытын 6 мектеп бар. Білім басқармасындағылар: «Көп ұзамай мәселені шешеміз», - дейді. Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен бірнеше мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Орал қаласында күні бүгін 4 бірдей білім ордасы жөндеуден өтіп жатыр. Соның бірі – Хиуаз Доспанова атындағы көшеде орналасқан №17 мектеп. Салынғанына алпыс жыл болған мектеп осы мерзімде бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға тақау. Бірақ бізді білім ордасына кіргізбеді. Оқу орнындағы құрылысты көруге күзетшілер бөгет болды. Тіпті білім басқармасының басшылығы да көмектесе алмады. Сырттан қайттық. Білім ордасына біз сияқты сырттай қарап өтетіндер аз емес. Шәкірттер сүйікті мектебін сағынғандарын айтады.
Ясмина Махмудова, №17 мектеп оқушысы:
-Біз қазір №21 мектепте үшінші ауысымда оқимыз. Сабақтан қараңғыда, өте жай шығамыз. Уақыты қолайсыз. Осы жерден өткен сайын өз мектебімізге тезірек оралғымыз келеді. Жөндеу жұмыстары тез бітсе екен.
КПО компаниясынан қаржыны кеш бөлінуіне байланысты жөндеу жұмыстары маусымның басында емес, тамызға тақап басталды. Оның үстіне жобада көзделмеген қосымша жұмыс көлемі анықталған. Мамандар құрылыстың кестеден кешігу себебін осылай түсіндіреді. Мәселен №9 мектептің сылағы түгел жарамсыз боп шыққан.
Мейрам Шайжанов, мердігер компания өкілі:
- Смета жағын ескергенбіз. Сол кезде мына цемент-әк штукатуркасы тек 30% ауысу керек болған. Біз бұзған кезде құлап жатты, үгіліп жатырды. Сол себепті біз келісе отырып, 100% штукатурка жасайтын болдық. Ол деген қосымша уақыт. Абаттандырудан да сондай жұмыстар болды.
Күні бүгін №17 және 9 мектептерден басқа дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 мектеп мен Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебі жөнделіп жатыр. Уақыт тезіне төтеп бере алмай, әбден тозған ғимараттар наурыз айында пайдалануға беріледі.
Мұхамбетқали Далбаев, саз мектебінің директоры:
- Мектеп салқын болды. Осы кезге дейін 4 қабаттан су ағып тұрды. Қазір соның бәрі дұрысталды. Түгел деуге болады. Төбесі ашып жабылды. Концерт залымыыздың төбесі жұқа болып, қатты осындай уақытта мүмкін болмайтын кіруге. Соның бәрі олқылықтар орындалды. Сонымен қатар электр жүйесі, өрт қауіпсіздік жүйесі, жылу жүйелері жаңғыртылды, музыка аспаптары алынып жатыр.
Осымен Оралдағы күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларының мәселесі түбегейлі шешілмек. Ендігі проблема үш ауысымда білім беретін мектептер жайы.
Ақжарқын Темірханова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:
- Қазір қалада алты мектеп 3 ауысымда оқиды. Соның ішінде №49 мектеп проблемасын шештік. Балауса ауданында мектеп ашылады деп отырмыз. Сонда №30 мектеп проблемасы шешіледі. Енді құс фабрикасы ауданына мектеп салынса, №20, №38 мектептің үш ауысымды проблемасы шешеміз. Және ескі әуежайда мектеп салынса 37 және эстетикалық гимназияның проблемасы. Қаладағы 6 үш ауысымды мектеп проблемасын шешетін боламыз.
Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп салынып жатса, соның 3-і Орал қаласында ашылмақ.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов