Отар гарнизонындағы үздік сарбаздар ата-аналарымен кездесті
Еліміздің Құрлық әскерлері қолбасшылығы Отар гарнизонындағы әскери бөлімді аралап, сарбаздардың әскери дайындығын пысықтады.
Ал мерзімді әскери міндетін өтеп жүрген үздік сарбаздар ата-аналарымен кездесуге мүмкіндік алды. Ата-аналар ұлдарымен жүздесіп қана қоймай, әскердегі жағдаймен танысты.
Әскери бөлімге келгендеріне үш айға жуықтаған қатардағы жауынгерлер аз уақытта сымдай тартылып, темірдей тәртіпке төселіп қалыпты. Алғашында қиын болғанын жасырмайды. «Алайда, әскердегі бір жылдың өмірлік мектеп екенін түсіндік», - дейді сарбаздар.
Ерғали Нұрбек, қатардағы жауынгер:
- Басында қиын болды кішкене ертерек тұру, режиммен ұйықтау, режиммен жату, қазір бәрін үйреніп алдық, физикалық тұрғыда да күшейдік. Салмақ қосып.. Бір жылдан кейін бұйыртса Астанадағы Еуразия универститетіне түсем деген ойдамын.
Нұрасыл Әшірәли, қатардағы жауынгер:
- Армияда қиын нәрсе жоқ деп ойлаймын. Бірінші мотоатқыштар мектебінде оқып жатырмын. Осы оқу орталығында бізде уже БМП-ны қалай оталдыру керек, жүргізу керек, соның бәрін үйреніп жатырмыз.
Әскери бөлімдегі ашық есік күніне ата-аналар да шақырылды. Олар казармаларды көріп, асхана, спорт кешендерін аралады. Мақсат – әскердегі жағдайды, тамақ сапасын көрсету, ең бастысы - ата-аналарға темірдей тәртіптің қауіпсіздік кепілі екенін түсіндіру. Аз уақытта ұлдарының азамат болғанын көрген ата-аналар, әскери өмірдің баланы шыңдайтынына көз жеткізгендерін айтты.
Нұрбек Кәметұлы, ата-ана:
- Осыдан үш ай алдын Отарға Ерғали балам қабылданған. Соның артынан көріп жағдайын білуге келдік, жағдайы өте жақсы, қуаныштамыз. Ер азамат. Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті ғой, сол үшін жібердім әскерге.
Айнагүл Үсенбек, ата-ана:
- Негізі ер баланы барып келгені дұрыс деп санаймыз. Өйткені менің өзімнің ағаларым да барған. Өзіміздің папамыз да барып келген. Күйеуім.
Мұндай кездесулер сарбаздар үшін де үлкен қолдау. Әскери бөлімге Құрлық әскерлері қолбасшылығы да келді. Жауынгерлерге жасалған жағдаймен танысып, олардың әскери дайындығына көңіл бөлді.
Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:
- Бүгінде әскерде қолайлы жағдайлар жасалған. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан. Жалпы сарбаздардың әскери дайындығына жақсы баға беруге болады. Үш ай қызмет еткен сарбаздың автомат атуды меңгеруі жақсы нәтиже. Инспекторлар мен офицерлік құрамның әдістемелік дайындығы қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Отар гарнизонында 1200-ден астам сарбаз қызмет етіп, білім алуда. Құрлық әскерлерінің оқу орталығында шамамен 800 әскери қызметші қажетті дағдыларды меңгеруде, ал танк бригадасында 400-ге жуық сарбаз борышын өтеуде.
Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Әбен Нарымбаев