Еліміздегі арнайы жасақтың лайықты ізбасарлары өсіп келеді

Елдегі арнайы жасақ сарбаздарының соңынан лайықты ізбасарлар өсіп келеді.

Қоғам қауіпсіздігіне жауапты мамандардың кезекті әлем біріншілігі осыны аңғартты. Онда өнер көрсеткен қазақстандық командалар ішінде жастар да баршылық. Кейбірі жаһандық сынға алғаш қатысып отырғанына қарамастан, нағыз кәсібилік танытты. Бұл жолы кеткен есені келер жылғы жарыста қайтарамыз деп отыр. 

Жұдырықтай ғана жүрегіне елге деген шексіз махаббатты сыйдырған Дінмұхамед Тастан әкесінің қай салада қызмет ететінін біледі. Тәй-тәй басқалы сарбаздарға тән тәртіппен өсіп келеді. Дене шынықтыратын жаттығулардың кейде бел ортасында жүреді. Әкеге қарап ұл өсетінін ескерсек, келешекте бұл отбасыдан арнаулы мақсаттағы жасаққа тағы бар жауынгер қосылуы мүмкін. 

Дінмұхамед Тастан, "Berkut"  арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерінің ұлы:

- Спецназда әкем сияқты боламын. Двойкада бірінші боламын. Біріншісі есікті қағады, екіншісі лежать на пол дейді. Үшіншісі снайперге мінеді.

Дінмұхамед секілді елімізде полиция немесе әскери форма киюді армандайтын бүлдүршін көп. Әуесқой және кәсіби спорттан осы салаға түбегейлі бет бұрып жатқан жастар да жетерлік. Оның үстіне, кейінгі кезде мемлекет қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын органдардың жұмысына баса көңіл бөлуде. Әрбір қалада арнаулы мақсаттағы бөлімшелер құрылған. Нәтижесінде дәстүрлі «SWAT Challenge» бәсекесіне әр өңірден жасақталған 12 команда қатысып, ел абыройын асқақтатып қайтты.

Әуез «Arystan» арнайы мақсаттағы жасағының қызметкері:

- Көбі 90 процент бірінші қатысып тұр. Бұрыннан қатысып жүргендер болса бұдан да жақсы өнер көрсетуге болар еді.++Бұрыннан қатысып келе жатқан балалар бірнеше рет рекорд қойды. Бүкіл дүниежүзі шулады. Келер жолы барлық жүлдені біздің жігіттер алады деген сенімдеміз.

Күнделікті жаттығуды тоқтатпай, мергендік қабілетті шыңдау әрі кез келген тосын жағдайға әзір болу. «Сардар», «Сұңқар», «Арыстан», «Бүркіт» және ұлттық ұлан сарбаздары үшін бұл - бұлжымас қағидаға айналған ұғым. Сондықтан халықаралық жарыста атой салып, жоғары деңгейде өнер көрсету заңдылық. Әсіресе, таяуда ғана жасақталған «Жаубасар», «Арлан» және «Томирис»-тің көрсеткіші көпті қуантып отыр. Сарбаздардың жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі.

Айта кетейік, Дубайда өткен әлемдік жарыста 46 мемлекеттен 105 команда өзара сынға түскен еді. Бес кезеңге жалғасқан бәсекеде қазақстандық оғландар 3 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде еншілеп, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.

Рауан Мыңбай