«Сөйле» тілдесу клубының үшінші маусымы басталды

Көкшетауда облыстық «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Сөйле» тілдесу клубының кезекті сабағы өтті.

Шараға елуден астам адам қатысты. Олар сабақта сүйікті фильм, сериалдарын талқылады. Топтық жұмыс барысында түрлі киноафишалар жасап, оны қорғады. Клубтың интерактивті форматы тілдік қабілеттерді дамытудан бөлек, өзара тиімді қарым-қатынасты нығайтуға да ықпал етті. Айта кеткен жөн, екі жыл бұрын "Менің елім – менің тілім" жобасы аясында елдің 12 өңірінде "Сөйле" тілдесу клубтары ашылған болатын. Осы уақыт аралығында 5 мыңнан астам тыңдаушы курстан өткен.

Яков Фёдоров, жоба амбассадоры:

- Әр оқушы тек тілді емес, қазақ мәдениетін де білу керек. Сол себептен біз осы екі жыл ішінде шамамен 115 іс-шара өткіздік. Қатысушыларымыз театрға, музейлерге барады. Немесе көшелерде тұрғындармен сөйлеседі, танысады. Тренердің айтуымен мысалы дүкендерде түрлі заттарды алады. Сол біздің мақсатымыз.

Надежда Грошикова, клуб қатысушысы:

- Мен қазақ тілін 3 жыл бойы үйреніп жүрмін. Неге десеңіз, біріншіден, мен Қазақстанда тұрамын және осында өмір сүргім келеді. Екіншіден, мен патриотпын. Мен өз Отанымды өте жақсы көремін.