Абай облысында 244 мың адам бұқаралық спортпен айналысады
Былтыр бір ғана Абай ауданында 50-ден астам спорттық шара өткен, деп хабарлайды 24kz.
Ауданның 5 мыңнан астам тұрғыны спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Соңғы жылдары бассейнге құмар бала көбейген. 2018 жылы Қарауыл ауылында жүзу бассейні ашылды. Онда Өскеменнен арнайы шақыртылған жаттықтырушалар жұмыс істейді.
3 сыныпта оқитын Әлинұр Қуандық 2022 жылдан бері бассейнге келіп жүр. Аудандық жарыстарда топ жарып жүлделі орын иеленген. Бүгінге дейін 11 медаль алыпты. Енді облыстық, республикалық додаларға дайындалып жүр.
Әлинұр Қуандық, оқушы:
- Осы Абайда бірінші рет жарысқа барғанмын. Мен онда екінші орын алғанмын. Мен бірінші сыныптан, 2022 жылдан бастап қатысып жүрмін. Мен осы бассейнге қатыса беремін. Қалмаймын. Тренерімнің сөздерін барлығын тыңдаймын. Мен осы бассейндерге қатысып, республикалық жарыстарға қатысып, чемпион болғым келеді.
Меруерт Келемеденованың суда жүзуден жаттықтырушы болып жұмыс істегеніне 10 жылдан асқан. 2018 жылы Өскеменнен арнайы келіп, ауыл балаларына жүзуді үйрете бастаған. Аптасына 5-6 рет жаттығу өткізеді. Ел намысын қорғайтын чемпиондарды дайындап шығаруды армандайды.
Меруерт Келемеденова, аға жаттықтырушы:
- Осы аралықта енді оқушыларымыз көптеген жарыстарға шығып, додалардан орын алып жатыр. Болашақта республикалық жарыстарға шығу ойымызда бар енді. Осыған байланысты жастарымыз үлкен үлкен додалардан орын алсын деймін енді. Осы балалардан бұйырса мықты-мықты спортсмендер шығарамыз.
Қарауылдағы бассейн 2018 жылы ашылған. Ұзындығы 25 метр, 5 жолақты. Мұнда қазір 100-ден астам оқушы жаттығады. Жалпы Абай ауданында бассейннен бөлек 2 спорт кешені және 10 хоккей алаңы бар. Ауданда 14 мыңға жуық халық тұрса, соның 5 мыңнан астамы спортпен тұрақты шұғылданады.
Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:
- Спорт деген кезде біздің айтар жетістігіміз көп. Оған дәлел – соңғы жылдары «Қазақстан барысы» Айбек, Мұхит сынды балуандардың Абай өңірінен шығуы да спорттың өз деңгейінде жақсы дамығаны деп білеміз. Жалпы ауданда бұқаралық спорт жақсы дамуда. Егер пропорционалды түрде бұл – 41,7%. Олай дейтініміз, бұл облыстық деңгейде жоғары.
Абай облысында былтыр 10 спорт кешені халық игілігіне берілді. Соның екеуі Абай ауданында орналасқан. Биыл Қарауыл және Көкбай ауылдарында спорт модулінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов