ШҚО-да джунгли жануарлары тіршілік етеді
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында ерекше мектеп бар, деп хабарлайды 24kz.
Білім ордасында құрылған экобиоорталықта сирек кездесетін өсімдіктер және бауырымен жорғалаушылар тіршілік етеді. Ұзындығы сегіз метр болатын жыландар мен алып өрмекшілерді ауыл мұғалімі тропикалық аймақтардан әкелген.
Глубокое ауданының оқушылары үшін джунгли енді жұмбақ емес. Жергілікті педагогтар құрған экобиоорталықты нағыз тропика дерсіз. Мұнда ылғалдылығы өте жоғары субтропикалық аймақта ғана кездесетін өсімдіктер жайқалып тұр. Бауырымен жорғалаушы жәндіктердің де сан түрі бар. Оқушылар мұғалімдердің көмегімен австралиялық агама кесірткесін, америкалық өрмекшілер мен жолбарыс түсті питондарды қоректендіреді. Мұның бәрін Тілек Дәуітбеков сонау жылы жақтан алдыртқан. Биология пәнінің мұғалімі жәндіктер топтамасын өз жалақысына сатып алған.
Тілек Дәуітбеков, биология пәнінің мұғалімі:
- Жануарларды біз жердің түкпір-түкпірінен өте қиындықпен алдық десек болады. Себебі бұл жай ғана жануарлар емес бізде мекендейтін. Шетелде өмір түретін болғандықтан кейбіреулерін Ресей мемлекетінен алдырттық. Өте қызықты жануарлар, өте сирек кездесетін жануарлар десек болады.
Мұнда биология пәнінен тәжірибелік сабақ шынайы жануарлардың қатысуымен өтеді. Оқушылар жәндіктерге жанашырлықпен қарап, табиғатты қорғауға бейімделеді. Мысалы Изольда деп аталатын мына егеуқұйрық дүниежүзінде өте сирек кездеседі. Егеуқұйрықтың бірнеше түрін будандастыру нәтижесінде пайда болған. 5-сынып оқушысы Иван Кузнецов оны қолға үйретіп жүр.
Иван Кузнецов, оқушы:
- Мен бұл орталыққа жиі келемін. Жабайы жануарларды қоректендіріп, астын тазалаймын. Өз үйімде де тасбақа, егеуқұйрық пен құмырсқаның бірнеше түрін өсіремін.
Тілек Дәуітбековтың биоорталығында кісі қарасы үзілмейді. Ауданға келген қонақтар жиі бас сұғады. Сондықтан ұстаздар шағын орталықты кеңейтіп, ондағы жануарлар санын көбейтуді армандайды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин