Таразда 300 орынға арналған мектеп құрылысы тұралап тұр

Таразда 800-ге жуық оқушы әр шағын аудандағы үш мектепке сабылып оқуға мәжбүр, деп хабарлайды 24kz.

Себебі білім ордасының жанынан жапсарлас ғимарат салған мердігер құрылысты уақытында аяқтамаған. Оған қоса, жылу желісін де кесіп тастаған. Жалпы аймақта тағы сегіз жоба басталмай жатып тоқтап тұр.

Мерей Бает, тілші:

- Тараздағы №15 мектеп-гимназия 1962 жылы салынды. Бастапқыда оқу комбинаты ретінде жұмыс істеп, 2008 жылы білім ордасы ретінде пайдалануға берілді. Қазір 550 орынға арналған ағарту ошағында 800-ге жуық оқушы білім алады. Осыған байланысты былтыр облыс бюджетінен 2,2 млрд теңге бөлініп, мынау қосымша ғимараттың құрылысы басталған еді.

300 орынға шақталған білім нысанының құрылысы былтыр аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ шілде айында мұндағы жұмыстар тоқтап қалған. Сондықтан қазір 3 қабатты құрылыстың тек 35%-і аяқталған.

Жапсарлас ғимаратта спорт залы, асхана мен химия, биология, физика сыныптары және кітапхана болады деп жоспарланған. Құрылыс ұзаққа созылғандықтан, балалар оқу жылының басынан бері жақын жердегі 3 мектепте оқып жатыр.

Рахима Бөлекбаев, №15 мектеп-гимназиясының директоры:

- Құрылыс басталғаннан кейін бізде жылу жүйесі толық бұзылды. Қазір мектепте ешқандай жылу жоқ. Соған байланысты оқушылар бөлінді. Өйткені суық жерде балалар отыра алмайды. Екіншіден, құрылыс басталса, бұл жерде енді қанша айтқанмен қауіпсіздік балалардың қауіпсіздігі үшін біз ауысып отырмыз.

Жоспар бойынша ағарту ошағы 9 ай ішінде қолданысқа берілуі тиіс еді. Бірақ мердігер республика бойынша 40-тан аса нысан құрылысын бастап біразын аяқсыз қалдырған. Сондықтан құрылыс басқармасы жосықсыз мердігер ретінде сотқа берген.

Әлібек Аманбай, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Келісімшартқа сәйкес 700 млн теңгеге жуық аванс түрінде жіберілген болатын. Және де олар 35%-ін орындады. Сотқа берген кезде біз міндетті түрде жосықсыз тану деп бердік. Алайда басқа өңірлердің тарапынан жосықсыз болып реесторына кіріп қойған. Авансты қайтару және келісімшартты бұзу бойынша. Бүгінгі таңда бірінші инстанция тарапынан біз ұттық. Енді ол бойынша мердігер өз тарапынан сотқа береді. Өзінің ақауларын жасайды дәлелдеп береді, сол кезде сот шешімін шығарады.

Мектеп ісі бойынша мердігер сот шешіміне келіспесе, апелляциялық шағым бере алады. Одан кейін ғана жаңа құрылыс компаниясын табу процесі жүргізіледі. Сондықтан білім нысаны биыл ашылмай қалу қаупі бар. Жалпы 2024 жылы 383 нысан мемлекеттік бюджет есебінен салынды. Оның 221-іне тексеріс жүргізген мамандар 342 олқылық анықтап, 84 млн теңге айыппұл салған.

Нұрбек Мұқаев, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының м.а.:

- 16 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынумен қатар қолданыстағы сарапшы аттестаты тоқтатылды. Құрылыс жобасын жобалаған кезде сапасыз жобалаған 6 жобалаушы мекемеге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы коддексінің 312-бабының 1-тармағымен әкімшілік істер қозғалды.

Былтыр аймақта 7 білім нысаны мен бір медициналық пункт құрылысы басталмай жатып тоқтады. Олардың бәрінде мемлекеттік сатып-алуға қатысқан компаниялар конкурс нәтижесіне наразылық білдіріп сотқа жүгінген. Сондықтан барлық ғимарат құрылысы биылға қалып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә