8,5 миллион және баспана: БҚО-да ауыл дәрігеріне қолдау көп
Батыс Қазақстан облысында 228 дәрігердің орны бос тұр, деп хабарлайды 24KZ. Кадр тапшылығын шешу үшін былтыр мәслихат шешімімен жас мамандарға арналған бірреттік көтермеақы көлемі өсті. Енді ауылға барған дәрігерге 8 млн 500 мың теңге, ал қалада қалған маманға 5 миллион теңге беріледі.
Снежана Үсенова Жаңақала аудандық ауруханасына былтыр келген 9 дәрігердің бірі. Ақтөбе медицина университетін 2019 жылы акушер-гинеколог мамандығы бойынша бітірген. Бұған дейін 5 жыл Мұғалжар ауданында еңбек етіпті. Ал былтыр Батыс Қазақстан облысында дәрігерлерге қолайлы жағдай жасалғанын естіп, Жаңақала ауданына жол тартқан.
Снежана Үсенова, акушер-гинеколог:
- Көтермеақыға құжаттар тапсырдық. 8,5 млн теңге. Содан кейін жалпы еңбекақымыз жақсы. Барлық маман үймен қамтамасыз етілдік. Өте жылы қарсы алды. Бас дәрігер де, жалпы басқа қызметкерлер, әріптестер жылы қарсы алды. Жалпы аудан жылы қарсы алды.
Ал жалпы тәжірибедегі дәрігер Аружан Сатымова Астана медицина университетін былтыр тәмамдапты. Еңбек жолын ауылда бастағанды жөн санап, туған жеріне ат басын бұрған. Жас маман келген бойда баспанамен қамтылды.
Аружан Сатымова, жалпы тәжірибедегі дәрігер:
- Мұнда «экстренный» жағдайлар өте көп. Сондықтан жас маманға бұл жақта тәжірибе алмасуға өте көп мүмкіндік бар. Бізде науқастарды басқа жаққа порталмен, квотамен операцияға жіберуге және де қолжетімді зертханалық, диагностикалық анализдерін жіберуге қаладан ешқандай айырмашылығы жоқ. Барлығы қолжетімді, барлығы бар бізде.
2023 жылы Орал өңіріне 123 жас маман келсе, былтыр 137 дәрігер батысқа ат басын бұрыпты. «Бұл медицина мамандарын баспанамен қамтып, қаржылай қолдаудың нақты нәтижесі», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы. Егер бұрын 8 миллион теңге көтермеақы тек шалғайдағы Жәнібек, Бөкей Ордасы аудандарына барған мамандарға берілсе, былтыр қарашадан бастап ауылға барған барлық дәрігерге 8 млн 500 мың теңге қаралған. Ал қалада қалған дәрігерлерге 5 млн теңге төленеді.
Мадияр Өтешев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- 300 млн астам қаржы бөлініп, сол мамандарға берілді және де 27 үй мамандарға аудандық әкімшіліктен беріліп жатыр. Бұл енді жыл басынан өңірімізге кадр тапшылығы мәселесін азайтуға үлкен септігін тигізеді. Бүгінгі таңда жұмыс өтілі бар мамандар жақсы келіп жатыр. Операция жақсы жасап жатқан мамандар келіп жатыр. Халыққа қызмет етіп, медициналық қызмет сапасын көтеруге аудандарда үлкен септігін тигізеді деген сенім бар.
Батыс Қазақстан облысында 228 дәрігердің орны бос тұр. Оның ішінде акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматологтар, кардиологтар, хирургтер, терапевттер, педиатрлар тапшы. Қазіргі жас мамандарды қолдау шаралары осы өзекті мәселенің оң шешілуіне әсер етпек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.