Жамбыл облысында 6 ауылға су басу қаупі төніп тұр

Талас өзенін жағалай орналасқан 6 ауылды су басу қаупі бар, деп хабарлайды 24KZ. Тасқынның алдын алудың қамымен Жамбыл облысының бюджетінен 260 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға арналарды нығайту, тазалау, бөгет салу жұмыстары жүріп жатыр.

Қырғызстанның Чоң Қақпа су қоймасы 86%-ке толған. Тау суы еріп, оған жаңбыр қосылса, қырғыз тарапы Талас өзеніне күнделікті жіберетін 33 текше метр су көлемін арттыруы әбден мүмкін.           

Олай болса өзенді жағалайқоныстанған Қарасай, Жасөркен, Қызылқайнар, Сарыкемер, Қостөбе және Тектұрмас тұрғын алабына қауіп төнеді. Қазір оларда 20 мыңға жуық тұрғын бар. Сондықтан жауаптылар өзен арнасын кеңейтіп,  қамыс пен тал басқан тұстарын тазартып, ағысын қалыпқа келтіріп жатыр.

Тараз қаласындағы Қарасай тұрғын үй алабында 5 мыңға жуық адам тұрады. Ал жанында 100 метр жерде Талас өзені ағып жатыр. Ортадағы мына маң аса қауіпті саналады. Себебі биіктігі өзен деңгейімен бірдей ғана. Сондықтан мұнда ұзындығы 400 метрге жуықтайтын биіктігі 2, ені 10 метр болатын бөгет салынып жатыр.

Талас өзені 2016 жылы арнасынан асып елді мекендерді су алды. Содан кейін бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлініп, өзеннің 25 шақырымында бөгет салу,  жағалауды нығайту жұмыстары жүрді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады.

Қанатбек Мәдібек, облыс әкімінің орынбасары:

- Жалпы алғанда 260 млн теңгедей қаржы қарастырылып, қазіргі уақытта 6 аймақта тиісті алдын алу шаралары ұйымдастырылып жатыр. Енді 7-ші аймақ қазір шекарада белгілі болып тұр. Ол жерге Қазсушар кәсіпорнының техникалары жұмыс істеп, арнаны кеңейту жұмыстарын ұйымдастырды. Бүгінгі күнге 3 шақырымға дейін ұзындығы механикалық тазалау және жағалау бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандар таулы аумақтағы 6 учаскеде сел жүруі мүмкін деген болжам айтып отыр. Олар Меркі мен Жуалы ауданында орналасқан шатқалдар. Осыған байланысты арнайы штабтың отырысы өтіп, алдағы жоспар пысықталды.  Көлбеу ағын бола қалса, шаруашылықтар қауіпсіз аймаққа көшіріліп, халыққа ескерту жұмыстары жедел жүргізеді.

Ербол Әміров, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Су тасқынының алдын алу мақсатында ТЖД жергілікті атқарушы органдар және азаматтық қорғау қызметтерінен барлығы 485 дана техника, 1927 адам, 132 мотопомпа, 88 орын бекітілген. Адамдарды орналастыру үшін. Сонымен қатар 19 құтқару қайықтары да белгіленген.

Тасқын бола қалса, құтқарушылар сақадай сай дайын. Облыста төтенше жағдай, Ұлттық ұлан, полиция мен «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы орган мамандары бірігіп оқу-жаттығу өткізіп жатыр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.