Қазақстанда 78 гид туристік нысандарды жеңілдікпен аралайды
Бірқатар танымал туристік аймақта гид тапшы. Бұл туралы «Қазақ Туризм» ұлттық компаниясы мәлімдеді. Елде ресми тіркелген 400 гид бар. Оларды мемлекеттік электрондық тізімнен табуға болады. Елде гидтер үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Алмагүл Нұрашева Астана қаласының тумасы. Туған жерін ерекше жақсы көреді. Сол махаббаты оның гид қызметін бастауға түрткі болды. Үш жылдан бері қаланың көрікті жерлерін, тарихи орындарын аралауға келген шетелдік және ел ішіндегі туристерді бағыттап жүр. Тіпті өзінің авторлық бағдарламасы бар.
Алмагүл Нұрашева, Астана қаласы бойынша гид:
- Менің ойымша, қазір кәсібилік қана емес, адамгершілік те жоғары болуы керек. Экскурсияға келген адамның бәріне жылы қабақ таныту маңызды. Сонымен қатар өзіміз бағдар беретін аумақ жайлы білімімізді тереңдетіп отырамыз. Әр жолы жаңа дерек қосуға тырысамын. Бұл үшін сол маңдағы мамандармен сөйлесемін. Жан-жақтылықты ұнатамын.
Қазір елордадағы қауымдастықта 30 гид бар. Олар француз, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде де қызмет көрсетеді. Ал мемлекеттік электрондық тізілімге 400-ден астам гид тіркелген.
Ерлан Шәкәрімов, «Қазақ Туризм» ҰК қызметкері:
- Мемлекеттік электрондық тізілімге сәйкес жеке кәсіпкер ретінде қызмет ететін 400-ден астам гид бар. Олардың үштен бірі Алматы қаласында қызмет көрсетеді. Туристік әлеуеті жоғары өңірлерде білікті гидтердің жетіспеушілігі сезіледі. Осы тізілімді цифрландыру үшін арнайы модуль әзірленді. Қазіргі таңда 78 гид өз құжаттарын енгізіп, тестілеуден өтіп, модульге тіркелді. Оларға QR-коды бар атаулы бейдждер берілді.
Бұл бейдждер гидтың ресми статусын растайды. Әзірге олар ұйымдастырылған туристік топ құрамында 41 нысанға тегін немесе жеңілдікпен кіруге құқылы.
Бейджі бар гидтер үшін бас қаламыз Астанада 9 нысан қамтылған. Оның ішінде «Бәйтерек» монументі, «Астана Опера» театры, Ұлттық музей бар. Алматының «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына гидтерге жеңілдікпен кіруге болады. Алматы облысында бақандай 17 туристік орын ұсынылады. Олардың қатарында үш ұлттық парк, табиғи қорықтар және өңірдің танымал музейлері бар. «Қазақ Туризм» Солтүстік Қазақстанда «Ботай» музей-қорығымен келісім жасаған. Ал Жетісу облысында «Алтын-Емел» ұлттық паркі және Жетісу-Алатау мемлекеттік табиғи паркі де гидтер мен туристерді асыға күтеді.
Көрсетері көп болса да, білікті гидке зәру өңірлер бар. Ақмола, Алматы, Түркістан облыстары, сондай-ақ шығыс пен батыс Қазақстан бұл мәселе өзекті.
Ерлан Шәкәрімов, «Қазақ Туризм» ҰК қызметкері:
- Туристер көп баратын жерлерде білікті мамандар жетіспеушілігі бар. Біз қалай ол мәселені шешіп жатырмыз. Ол арнайы курстар, әкімдіктер, біз өзіміз арнайы методика бойынша гидтерімізді дайындаймыз.
Гид жұмысшы мамандықтардың қатарына кіреді. Оларды цифрлық модульге тіркеу жалғасып жатыр. Арнайы курстардан өтіп, тиісті сертификатты қолына алған кез келген қазақстандық азамат гид бола алады. Ал туристер өзіне қызмет көрсететін маманды «Қазақ Туризм» сайтынан және визит орталықтардан табады.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап.