Биыл «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры іске қосылады
Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры іске қосылады. Нәтижесінде Жетісу өңіріндегі 66 елді мекен табиғи отынмен қамтылады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің отырысында мәлім болды. Жиын Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен өтті.
Қазір құны 33,3 трлн теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асып жатыр. Оның ішінде Кендірліде теңіз суын тұщыту зауыты бар. Осы арқылы Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы су тапшылығы мәселесі шешіледі. Көлік-логистика және энергетика саласында да ауқымды бастамалар көп. Ең бастысы олардың барлығы отандық өнімдер мен қызметке басымдық береді. Мысалы, көлік-логистика секторы бойынша жергілікті қамту үлесі 85%-ке жетсе, энергетика саласы 60%. Премьер-министр маңызды жобаларды іске асыруға жеке инвестициялар тарту қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ мерзімін кешіктіруге әрі негізсіз қымбаттауға жол бермеуді тапсырды.