Оралда жасөспірімдер арасындағы қылмыс азайды

Батыс Қазақстан облысында былтыр жасөспірімдер арасындағы қылмыс 11%-ға төмендеді.

Бұл студенттер мен мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының нәтижесі, дейді мамандар. Жоғары инженерлік-технологиялық колледж шәкірттерімен кездескен прокурорлардың айтуынша 2024 жылы кәмелетке толмаған 112 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Негізінен жастар ұрлық пен тонау және алаяқтыққа ұрынады. Соңғы уақытта тыйым салынған есірткі заттарын таратушы жастардың көбеюі де қоғамды алаңдатып отыр.

Қайрат Самиғоллаев, БҚО прокуратурасы басқарма бастығының орынбасары:

- Қазіргі өзекті мәселе – наркоқылмыс. Бүгінгі кездесуде жастарға есірткі  заттарын сақтап-таратқаны үшін қандай жаза күтетіні ескертілді. Қазір сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай базасы бар. Ол жерде жасалған қылмыстар туралы барлық мәліметтер сақталады. Яғни адам бір рет заң бұзды ма, ол жөнінде деректер өмір бойы осы базада тұрады. Сондықтан кейін өкініп жүрмес үшін жастар ешқашан құқық бұзушылыққа бармауы қажет.