Оңтүстікте бәйшешек гүлдеді
Бәйшешек ең алғашқы болып күн көзінен сөгілген көбік қарды тесіп шығатын гүл.
Бұл видео Түркстан облысы Бәйдібек ауданындағы Боралдай мен Қос-тұра тауларының етегінде түсірілді. Жұрт бұны күн жылынып, көктемнің алғашқы белгісі деп жатыр. Синоптиктердің болжамынша, аймақта алдағы күндері өткінші жаңбыр жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін. Бірақ одан кейін күн жылиды. Бәйдібек, Түлкібас, Қазығұрт, Төлеби сияқты таулы аудандарда бәйшешек ақпанның басынан бастап гүлдей бастады. Қазір жазықтағы Отырар, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарының аумағындағы дала төсінен де, көгілдір көктемнің алғашқы хабаршысындай болған осы бір нәзік гүлді кездестіруге болады.
Нұрила Жауынбайқызы, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің бөлім меңгерушісі:
- Бәйшешектер қазіргі таңда ақпан айының басында гүлдеп жатыр. Бұл оңтүстік өңірі үшін өте қалыпты жағдай. Себебі ауа райының түнгі уақыттарда салқын болуына байланысты. Негізі бәйшешектер қаңтар айының басы мен ортасында гүлдейді.