Атырау облысында су басу қаупі жоғары елді мекендерге гидробекет қойылып жатыр
Атырау облысында су басу қаупі жоғары 51 елді мекенге маусымдық гидробекет орнатылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір өңірде жұмыс істеп тұрған 12 нысан жағдайды толық бақылай алмайды. Сондықтан олардың санын көбейту маңызды. Бұдан бөлек, былтыр жылыойлықтарды әбігерге салған Жем өзені мен Құрсай өзенінің арнасын кеңейтіп, түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде арнаның 80 шақырымға жуығы қазылған. Сонымен қатар келген мол суды теңізге кедергісіз жіберу үшін Жайық өзенінің түбі тереңдетіледі. Тасқынға қарсы жұмыстарға 1500-ден аса адам мен 244 техника әзір тұр. Жуырда оқу-жаттығу шарасы өтіп, дайындық пысықталды.
Руслан Жұмағазиев, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Облыстық жедел штаб биыл да жұмысын жалғастырады. Өңірде 519 шақырым бөгет салынды. Қазір 4 аудан мен облыс орталығында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр 12 гидробекет жұмыс істесе, биыл тағы 51-і орнатылады. Бұл судың деңгейін анықтап қана қоймай, келетін мол судың көлемін болжауға да мүмкіндік береді. Осылайша, нақты шешімдер қабылданады.